Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар сапасыз интернет үшін төлеген ақшасын қайтарып алды

WiFi белгісі
Фото: Magnific.com

Жетісу облысының тұрғындары сапасыз интернетке шағымданып, сот арқылы ақшаларын қайтаруды талап етті. Нәтижесінде 10 пайдаланушыға 315 мың теңге қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

“Жетісу облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сапасыз интернет және байланыс қызметі үшін төленген қаражатты өндіру мәселесі бойынша 10 тұтынушының құқығын қорғау мақсатында Талдықорған қалалық сотына талап арыз берді. Нәтижесінде сот ұйғарымымен 10 тұтынушыға 315 мың теңге қайтару міндеттелді”, – деді Танабергенов.

Кейін ол тұрғындардың алдымен интернет жеткізуші компанияға жүгінгенін нақтылады. Олар 40 күннен астам уақыт бойы сапалы байланыс болмады деп шағымданған. Осыдан кейін өңір тұрғындары тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық департаментке шағым түсірген.

“Компания сол күндері байланыс қызметін көрсетпегенін мойындап, ақшаны қайтарды”, – деп қосты Болат Танабергенов.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Марат Башимов үйіндегі интернет сапасына шағымданып, бұл мәселені вице-премьер, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке тікелей айтқан еді.

“Халықты сіздің нарығыңызға кім кіретіні қызықтырмайды. Ол қызмет үшін ақша төлейді. Мен 15 мың теңге төлеймін, қалыпты интернет алғым келеді. Бірақ ол жоқ! Бұл жерде сіздер тұтынушылардың құқығына тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырсыздар”, – деді Башимов Мәжіліс отырыстарының бірінде.

Ал Жаслан Мәдиев депутаттың шағымын тыңдап, мәселені шешуге уәде берді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 16:00