Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зардап шеккендер арасында бала бар: "Маңғышлақ-Ақтөбе" жолаушылар пойызында вагон өртеніп кетті

"Маңғышлақ-Ақтөбе" пойызында жүк вагоны жанып кетті. Бес адам зардап шекті, оның ішінде бір бала бар. Олардың барлығы күйік алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, жолаушылар пойызында болған төтенше жағдай туралы ақпарат 2020 жылдың 14 желтоқсанында сағат 04.30-да келіп түскен.

"Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы аумағында орналасқан №464 разъезд ауданында жүк вагоны өртенді", - деді Уәли.

Өрттің басқа вагондарға таралуына жол бермеу мақсатында багаж вагонын жолаушылар вагонынан қоршау жүргізілді.

"Өрттің салдарынан 5 адам әртүрлі дәрежеде күйік алды, оның ішінде бір бала бар. Зардап шеккендердің барлығы жүк вагонында болған. Жарақат алғандар Бейнеу ауылындағы ауруханаға жеткізілді", - деп түсіндірді Талғат Уәли.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған.

Талғат Уәлидің мәліметінше, өрт таңғы жетіге қарай сөндірілген, жүк вагоны толығымен жанып кеткен.

Қазіргі уақытта өртенген вагонды ішкі істер органдары оқшаулаған, сондай-ақ өрттің себептері мен жағдайларын анықтау үшін Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің зерттеу өрт сөндіру зертханасы жіберілді.

Сағат 09:18-де жолаушылар вагондары Ақтөбе станциясына жіберілді, деп хабарлады ТЖМ.

Талқылау