Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жақ сүйегі сынып, тістері түскен": Ақтөбеде велокурьер 12 жастағы қызды қағып, қашып кеткен

Велосипед қағып кеткен қыз
Фото: Instagram.com/a_lana_93/

Ақтөбеде велосипедпен жүрген курьер 12 жастағы қызды қағып, ауыр жарақатпен тастап кеткен. Оқиғадан кейін ол балаға көмек көрсетпей, ізін суытқан. Қазір полиция оның кім екенін анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 30 шілде күні шамамен сағат 18:00-де Әбілқайыр хан даңғылындағы “Сазды” аялдамасының маңында болған. Жәбірленушінің анасы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Оның айтуынша, курьер қатты жылдамдықпен келіп, қызды соғып кеткен.

Зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жоғарғы жақ сүйегі мен бет сүйегі сынғанын анықтады. Сондай-ақ алдыңғы тістері түсіп қалған. Қызға ұзақ уақыт емделуге тура келеді.

Қыздың анасы Ақтөбе тұрғындарынан оқиғаға куә болған немесе велокурьерді көрген адамдардан көмек сұрады.

“Сол уақытта оқиға орнында болған, маңайдан өтіп бара жатқан немесе болған жайтты көрген адамдар болса, хабарласуларыңызды өтінемін. Біреудің көлігіндегі бейнетіркегіште немесе бейнебақылау камерасында жазба сақталуы мүмкін. Кез келген ақпарат баланы қағып, қашып кеткен адамды табуға көмектеседі”, – деді ол.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті оқиға бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

“Қазір велокурьердің жеке басы анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері оқиға болған аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеруде. Күдікті анықталғаннан кейін заңға сәйкес шара қабылданады”, – делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 16 жастағы жасөспірімді самокат қағып кетіп, мүгедек қылғаны хабарланған еді. Хабибулла Мақпалға қазір нейростимулятор қажет. Анасы Ислямова Әлияның айтуынша, қызын самокат қағып кеткеннен кейін қолы қатты зақымданып, діріл пайда болған

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 16:10