Жапония тарихында алғаш рет қала әкімі декреттік демалысқа шықты

Жапония тарихында алғаш рет қызметтегі қала әкімі жүктілік және босану бойынша демалысқа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Елдің батысында орналасқан, халқы шамамен 69 мың адамды құрайтын Явата қаласының әкімі Секо Каватадекреттік демалыс рәсімдеген алғашқы қала басшысы атанды.
2023 жылы 33 жасында әкім болып сайланған Кавата Жапониядағы ең жас әйел әкім атанған еді. Әкімдік қызметкерлеріне жүктілік және босану бойынша 16 апталық демалыс қарастырылғанымен, қала әкімі үшін мұндай тәртіп бұрын болмаған. Сондықтан оған арнайы ереже әзірленді.
"Мұндай демалысқа шыққан алғашқы әкім екенімді білгенде өзім де таңғалдым. Бұл осы уақытқа дейін жастардың, әсіресе әйелдердің әкім қызметіне өте аз келгенін көрсетті", – деді Секо Кавата.
ОқыңызДемалысқа шығар алдында ол Тайко қалалық фестивалінің шеруіне қатысты. Дәстүр бойынша әкім синтоизм ғибадатханасының көшірмесі орнатылған арнайы тұғырда жүруі тиіс болатын. Алайда жүктілігіне байланысты Кавата шеруде оның артынан жаяу жүрді.
Қала тұрғындарының басым бөлігі әкімнің шешімін қолдаған. Дегенмен әлеуметтік желілерде оны толыққанды жұмыс істеуді жоспарламады деп сынағандар да болды. Кейбір қолданушылар декреттік демалыс кезінде толық көлемде жалақы алатынына наразылық білдірген.
Өз кезегінде Секо Кавата қоғам адамдарға атқаратын қызметі мен лауазымына қарамастан бала сүюге мүмкіндік беруі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай өзгерістерсіз Жапонияға туу көрсеткішінің төмендеуі, халық санының азаюы және соған байланысты экономикалық мәселелермен күресу қиын болады.
Каватаның сәбиі қыркүйек айында дүниеге келеді деп күтілуде.
Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік рейтингінде Жапония 148 елдің ішінде 118-орында, ал саясаттағы әйелдердің қатысуы бойынша 125-орында тұр.
Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 24 жастағы келіншек бес егізді дүниеге әкелген еді. Дәрігерлердің мәліметінше, табиғи жолмен бес егізді босану өте сирек кездеседі. Мұндай жағдай шамамен 60 миллион жүктіліктің бірінде ғана болады. Сәбилер мерзімінен бұрын дүниеге келгенімен, дәрігерлердің бақылауында болып, олардың өміріне қауіп жоқ екені хабарланған.