Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заман" тобының әншісі Argonya жайлы: Ақылсызға айтқан сөз қорадағы малға айтқанмен тең

"Заман" тобының әншісі Ерген Айтымбетов жас әнші Argonya жайлы ойын айтты. Айтымбетов ғана емес, өнер өкілдерінің біразы оның атышулы әндерін ұната бермейді. Бұл қазақ өнеріне деген қиямет деп түсіндірді. 

Бұл туралы НТК Show бағдарламасында айтылды. 

Argonya "Кірмей қала ма деп қорқамын" атты әнін Бейбіт Қорғанмен бірге орындаған. Алайда әріптестері тарапынан сын астында қалды. Жастар жағы хайп әндерге қызыққыш келетіні белгілі. Ал салмақты әндер шырқап жүрген орта буын үшін бұл арзан ән дейді ол. 

"Мен адамның сыртынан айтқанды жек көремін. Ол әншімен кездесіп қалғанда өзіне де айтқанмын. Әуені жақсы. Оранжировкасы жақсы. Бірақ сөзін түзеп жіберу керек деп ескерттім. Ол "менде не шаруаң бар" дегендей кейіп танытты. Қазақша ақыл айтсаң, орысша ұрысып тұратындар бар ғой. Басқаша да сөйлесуге болады. Бірақ түсінбейтін адамның санасына кірмейді екен. Қазақта бұған қатысты "ақылсызға айтқан сөз - қорадағы малға айтқанмен тең" деген сөз бар", - деді Ерген Айтымбетов. 

Ал, Медеу Арынбаев мұны баланың тірлігі деп атады.

"Бізде әнге қарайтын адам жоқ. Жауапты адам жоқ. Егер менің құзіретім болса... Ондай жоқ қой қазір. Идеология жоқ. Жауапкершілікті сезінбейді. Елдегі екінші емес үшінші адам жауапты болса, жақсы болар еді. Саралайтын, тәрбиелік мәні бар әндер шығатын еді", - деді Арынбаева. 

Ал, Жұбаныш Жексенұлы өте алмайтын ән жоқ, өткізе алмайтын әнші бар дейді.

"Ән өтпейді екен деп боқтан өзгені айта ма? Ән жақсы болса, неге өтпейді? Ән емес, өткізе алмайтын өздері. Қазаққа бәрі өтеді. Ол үшін балағат сөздерді, арзан әндерді айтудың керегі жоқ. Өткізу керек. Жақсы дүние жерде қалмайды", - дейді. 

Бағлан Әбдірайымов халықтың санасы әбден проблемалармен толып кеткені себепті арзанға әуес деген ойын жеткізді. 

"Халық өз басымен қайғы болып, проблемасымен арпалысып жүргенде мидың "гегабайты" толып қалған. Сондықтан "кірмей қала ма деп қорқамын", "Кластастар қайда?" деген сияқты арзан, күнделікті қолданып жүрген сөздер ғана миға қонып қалады. Сосын хитке айналады", - деді "Жігіттер" тобының мүшесі.

Ал, Argonya соңғы күндері Қайрат Нұртаспен де ән жазды. Әнін де, сөзін де өзі жазатын әнші туындысын өзгелерге бермейтінін баса айтты. 

"Менің жазғаным менің балам сияқты. Мен оны біреуге бере алмаймын. Онымен бірге ән айтуым керек. Менің әнімді мен секілді ешкім айта алмайды. Сондықтан бірігіп жазуға ұсыныс айтамын. Ал, мені ұнатпайтындар мені тыңдамасын. Мен де олармен жақын болмаймын. Менің әнім жететін адамға жетеді",  - деді әнші.

Талқылау