Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұйқым келмейді" әнін өзгеше мәнерде орындаған өнерпаз елді таңғалдырды

Халық арасында үлкен сынға ұшыраған "Ұйқым келмейді" әнін авторы Диана Исмаил орындап, әріптестері мен тыңдармандарды таңғалдырды. Ол әннің кавер нұсқасын "Cover Show" бағдарламасында орындады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Қош бол деп айттың,
Тағы да бірдеңе дедің. 
...Ұйқым келмейді
Содан соң ұйықтап кетемін". Алина Шакиеваның орындауындағы дәл осы ән Қазнетті біраз шулатқан болатын. Туындының авторлары бұған дейін талай хитті "дүниеге әкелген" –  Диана Исмаил мен ақын Рамазан Амантай. Сынға ұшыраған әнін ақтап алғысы келген Диана оны өзі орындап, әріптестерінің жоғары бағасына ие болды. 

"Баласы басқа жерде сынның астында қалып кетіп, артынан барып, баласын ақтап алған анасын көргендей болдым. Ән сынға ілігіп, жұрттың бәрі шулаған кезде сенің қандай сезімде болғаныңды жақсы түсінемін. "Ұйқым келмейді, содан соң ұйықтап кетемін" деген жеріне бәріміз күлдік. Бірақ оның ар жағында "Түсімде тағы бір рет көріп, құшақтау үшін" деген жеріне үңілдік пе? Жоқ. Бүгін әніңді ақтап алдың", – деді Ғазизхан Шекербеков. 



Ал Маржан Арапбаева алғаш бұл әнді естігенде "мазақ қылатындай ештеңе көрмегенін" айтты. 

"Бірінші рет бұл әнді естіген кезде соншалықты күлетіндей ештеңе байқаған жоқпын. Мүмкін тіл жағынан қателіктер болды. Бірақ ол кісі тырысты, өзгеше әдемі орындап шықты. Ол нұсқа да маған ұнайды. Диананың орындағаны мүлдем басқаша", - деді ол.

Сол сияқты журналист Аман Тасыған бұл әннің ғұмыры Диананың орындауында ұзақ болатынын айтып, оң бағасын берді. 

"Сенің маркетингіңе риза болып отырмын. Әніңді алдымен басқаның орындауында танытып алып, артынан өзің орындап жүре бересің. Бұл әнді бүкіл қазақ тыңдап алды. Бірақ ғұмыры сенің орындауыңда ұзақ болады деп ойлаймын", - деді ол.

Ал жобаның бас сыншысы Мейрамбек Бесбаев өзге әріптестерімен қосылатынын жеткізді. 

"Диана ол Диана. Қандай ән орындаса да, құлпыртып жібереді", - деді Бесбаев. 

Өз кезегінде Диана көп сынға ұшыраған өлең жолдарын түсіндірді. 

"Бірдеңе дедің деген жеріне көп сын айтылды. Оның философиясын түсіндіре кетейін. "Қош бол деп айттың, одан кейін жігіт не десе де бәрібір. Өйткені "қош бол" деді, болды. Бірдеңе дедің, яғни мен естіген жоқпын деген мағынада", - дейді Диана Исмаил.

Желі қолданушылары да әннің жаңа нұсқасын жоғары бағалады. 
 

Талқылау