"Ұйғыр болсам да, қазақ ұлтының мүддесі үшін алаңға шықтым": Желтоқсан оқиғасына қатысқан азамат естеліктерімен бөлісті
Қазақ жастары 1986 жылы еркін өмір мен жарқын келешек үшін тәуекелге барып, тәуелсіздік жолында өзін құрбан еткен болатын. Биыл Желтоқсан оқиғасына 37 жыл толып отыр. Тарихи қақтығысқа қазақ жастарынан бөлек өзге этнос өкілдері де қатысқан. Солардың бірі Абайдулла Рузиев те оқиғаның қақ ортасында болып, қасіретті күндерді бастан кешкен. Ол Stan.kz тілшісіне естеліктерімен бөлісіп, алаңға не үшін шыққанын айтып берді.
Рузиев Абайдулла Абдуллаұлы Алматы облысы Шелек ауданында (бұрынғы Қаратұрық ауылында – авт.) 1964 жылы дүниеге келген. Ауылдағы сегіз жылдық орта мектепті тәмамдап, совхозда темекі саласында жұмыс істеген. 1986 жылы Алматы қаласында Киров атындағы машина жасау зауытына жұмысқа тұрған. Сол жылы желтоқсан оқиғасына қатысып, бес жылға бас бостандығынан айырылған. Алаңға шыққанда жасы небәрі 22-де болыпты.
“16 желтоқсан күні Кеңес Одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің Дінмұхамед Қонаевты Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы қызметінен босатып, орнына бұрын Ресейдің Ульянов облысын басқарған Геннадий Колбинді тағайындауы бәріміздің наразылығымызды тудырды. Ертесіне жатақханада жиналып, жұмысқа бармай алаңға шығуға келістік. Қасымызда ЖенПИ-дің (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – авт.) жатақханасы да бар болатын. Жиналғандардың бәрі алаңға шықты", – дейді желтоқсаншы.
Абайдулла мырзаның айтуынша, таңғы сағат 11:00-де Алматының орталық алаңына жиналған.
"Бізден бұрын да жастар жиналыпты. Уақыт өткен сайын алаңға студенттер мен жастар ағыла бастады. Артынша әскерилер иттерімен және милиция жасақтары, курсанттар да шоғырланды. Олардың барлығы да бізді қоршауға алды. Сағат үш пен төрт шамасында қырғын басталып кетті. Біздің қолымызда ешқандай да қару жоқ еді. Бейбіт шеруге шыққандарды аяусыз ұрып-соқты. Алаңнан таныстарымызды көрдік. Әсіресе, қыздарды қоршаудан өткізіп жіберуге тырыстық. Бірақ кейбір сарбаздар жіберіп, кейбірі өткізбей жатты. Алдымда екі таңдау тұрды. Төбелесіп қоршауды бұзу, не болмаса ұсталу. Трибуна жақтан айналып қашқанымызда, бірнеше жігітпен бірге мені де ұстап алған еді", – дейді ол.
Сөзінше, билік 15 күнге қамағаннан кейін босатып жіберген екен.
"15 күннің ішінде күн-түн демей әбден азаптап қинады. Жатақханаға келсем ешкім жоқ. Қаладағы туыстарымның үйіне барып, бет-аузымды жуып, сақал-мұртымды қырып ауылға кеттім. Ауылда шешем марқұм жылап отыр. Бауырларымның барлығы да мені көріп қуанып кетті. Әбден іздеп таба алмаған екен. Екі-үш күннен кейін қайтадан Алматыдағы жұмысыма оралдым. Араға бір ай салып, КГБ-дан (бұрынғы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті – авт.) адамдар келіп, мені алып кетті. КГБ-да бір айдай тергеуде жаттым. Кейін екі ай басқа жерге ауыстырды. Ақыры бес жылға сотталдым. Оның үш жарым жылын отырып шықтық. Тергеуде маған "екі курсантты ұрдың" деп жала жапты. Машина жасау зауытында үздік қызметкер болу арманым болатын. Желтоқсаннан кейін ол арманымның күл-паршасы шықты”, –дейді Рузиев Абайдулла.
Алаңға шыққандардың көбісі қазақтар еді. Басқа ұлттардан 20-30 шақты ғана шыққан шығар. Олардың 20-ға жуығы ұсталып қалды. Желтоқсанға қатысты ұйымдарға келіп тұратындары бар", – дейді 60-қа аяқ басқан ер азамат.
Оның айтуынша, жастар алаңға қырып-жою үшін шықпаған. Тек бейбіт түрде қарсылық білдірмек болған. Желтоқсаншы қантөгіске апарған биліктің өзі дейді.
"Бізге ол кезде қоғамның көзқарасы теріс болды. Совет үкіметіне қарсы шыққан, "ұлтшылдар" деп қарайтын. Тіпті жақын туыстарымыз да солай ойлады. Түрмеден шыққан соң, аптасына бір рет учаскелік полицияға тіркелетінбіз. Кейін ақталғаннан соң бармадық.
Тәуелсіздік жылдары желтоқсанға қатысқандардың көбі түрмеде денсаулығынан айырылып, өмірден ерте өтті. Өзім танитын Еркінбек, Аманжол, Құттыбек, Құрманбай, Қадыр, Ермек, Гүлвира есімді желтоқсаншылар бүгінде қайтыс болды. Маңғыстау облысы Шевченко (бұрынғы – авт.) қаласында 1 жыл 8 ай желтоқсаншылармен бірге түрмеде отырдық. Онда Қасым Әбілқайыров, Жармұхаммед Тілегенұлы және т.б. болды. Жармұхаммед қазіргі кезде Германияда сәулетші болып жұмыс істейді", – дейді ол.
Кейіпкерімізге желтоқсан оқиғасы рухани жағынан қатты әсер еткен. Түрмеде болған жылдары денсаулығы да нашарлапты.
"17 желтоқсан күнін демократиялық жаңғыру күні деп есептеймін. Негізінен 17 желтоқсанды тәуелсіздік күні деген дұрыс. Себебі сол күні алаңға шықтық қой. Желтоқсанның ақиқаты әлі ашылған жоқ. Қанша адам өліп, қанша адам жоғалып кетсе де олардың нақты санын ешкім білмейді. Желтоқсан көтерілісіне саяси мәртебе әлі берілген жоқ.
Мемлекет тарапынан 1993 жылы бәріміз де ақталдық. Алғашқы кезде мұқтаждар мен үй-күйі жоқтарға баспана берді. Жұмыссыз жүргендерді жұмысқа орналастырды. Бәріміз де халық қаһарманымыз ғой. Желтоқсан айы жақындаған сайын бізді жергілікті билік кездесулер шақырады", – дейді үш ұлдың әкесі.
Абайдулла мырза жұбайы екеуінің үш ұлы бар. Қазір Шелек ауылында кенже ұлдарымен бірге тұрады. Екі ұлы үйленген, төрт немере тәрбиелеп отыр.
"Жастарға айтарым, жақсы оқып, үлгілі азамат ретінде мемлекетке еңбегін сіңірген абзал. Әркімде патриотттық сезім болғанын қалаймын. Болашағымыз жастар теріс әрекетке бармай, жақсы адам болуға ұмтылсын!" – деп сөзін аяқтады ол.
ҚАДЫРБЕК ӘУЛИЕАТА