Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрып-соғып, атыс қаруын қолданған": Алматы облысының тауларында шопандар мотоциклшілерге шабуыл жасады (видео)

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Қаскелең тауында малшылар мотоциклші-эндуристерге шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Олар мотоциклшілерге шабуыл жасап, ұрып-соғып, атыс қаруын қолданған. Аталған іске қатысты жәбірленушілер Алматы облысының полициясына арызданған. 

Кадрлардан ат тізгіндеген ер адамның алдымен мотоцикл жүргізушілерінің бірінің басынан соққанын байқауға болады. Тағы екі адам қосылып, байкерді ұрып-соғып, жерге құлатқан. Шабуыл жасаушылардың бірінің қолында Калашников автоматына ұқсас атқыш құралы бар.

Алматы облысының полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. 

"2024 жылдың 14 шілдесінде әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджеріне жүргізілген мониторинг барысында 13 шілдеде Қаскелең тауында түсірілген видео анықталды. Онда қолында мылтығы бар үш ер адамды байқауға болады. Олар бұзақылық ниетпен үш мотоцикл жүргізушісіне дене жарақатын салған. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша тіркелді”, – делінген хабарламада.

Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері қылмыскерлерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Талқылау