AAPL
140.52 $
0.11 %
TSLA
658.8 $
4.88 %
NDAQ
147.5 $
0.59 %
GOOGL
2116.1 $
-0.16 %
FRHC
40.13 $
0.96 %
AAPL
140.52 $
0.11 %
TSLA
658.8 $
4.88 %
NDAQ
147.5 $
0.59 %
GOOGL
2116.1 $
-0.16 %
FRHC
40.13 $
0.96 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрылар алыстан келген жоқ": ШҚО-да тарихи маңызы бар қорымдар тоналып жатыр

Шығыс Қазақстанда тарихи маңызы бар қорымдар тоналып жатыр. Ұрылар Шілікті жазығындағы Алтын адам табылған обалардың бірін белден қазып, табыттарын қиратып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

қорым

Шығыс Қазақстан облысындағы қорымдар 2016 жылдан бері тоналып жатқан көрінеді. Өткен жылдың соңында тағы бір қорым қазылған. Іргесі ауылға тиіп тұрса да, көлденең өткен көк атты дәл осы өңірден құр кетпейтін сыңайлы. 

Ал тұрғындар Шілікті жазығы қараусыз жатыр деп дабыл қағуда. Оларды тарихи ескерткіштің қирап жатқаны қатты қынжылтады. 

“Зайсан ауданы – археологиялық қазбаға бай өңір. Өкініштісі, Алтын адам шыққан Шіліктідегі обалар еш қараусыз жатқалы қашан?! Міне, елдегі аумалы-төкпелі шақта ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраға айналған обалар еш зерттеу көрмей тоналып жатыр. 2021 жылдың күзінде бір топ археолог пен облыс әкімі келіп, 2022 жылға археологиялық қазба жұмыстарын жоспарлаған обаға жақында қарақшылар түсіп, қазып, обаны қайта көміп кетіпті. Обадағы патша не патшайым жатқызылатын табыт ағашы да шашылып, бетіне шығып қалған. Обаның топырағы да қопарылып жатыр. Былтыр қара күзде тағы бір оба тап осылай қазылып кеткен екен. Мынау – тоналған екінші оба. Енді үшінші оба да осылай қазылуы мүмкін”, - дейді жергілікті қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыпаров.

Шілікті ауылдық округі әкімінің айтуынша, мәселені осы жылдың қаңтар айында біліпті. Кеш білуіне елдегі төтенше жағдай әсер еткен. Халық аудан әкімдігіне жазбаша хат жолдап, хабардар етіпті. 

Ауыл тұрғындары ұрының алыстан келмегенін айтуда. Себебі дөп басып табыт көмілген моланы табу – біраз зерттеуді қажет ететін көрінеді. Неде болса, осы жердің қыр-сырына қанық біреу, дейді олар.

“Алыстан келген ешкім жоқ. Өз маңайындағыларды немесе алдында археологтармен кімдер жұмыс істеді, соларды байқау керек. Төбенің биіктігі, аумағын есептеп, табыттың тереңдігін анықтап барып кіріскен адамдар ғой, дөп түсіп табыт ағаштарының шашылғанына қарағанда. Ауыл адамдарының байқамауы мүмкін емес. Әкім қайда? Қоластындағы қызметкерлер, полиция қайда?” - дейді ашынған ауыл тұрғыны Сырым Қасенов.

Аудан әкімдігіндегілер де ұрының алыстан келмегенін айтуда. Олардың сөзінше, мұнда 200-ден астам тарихи ескерткіш бар екен.

“Қазір мұнда 200-ден астам оба бар. Біраз жыл бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов Шіліктіге ашық аспан астындағы музей саламыз деген. Бірақ оған қаржы бөлінбей тоқтап қалды. Кейін бұл жоба қайта қаралып, музейді Зайсан ауданынан ашу керек деген ұсыныстар түсті. Себебі Шілікті аудан орталығынан біршама алыс болғандықтан тұрғындарға ыңғайсыз. Бүгінде осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Обаны алыстан келіп ешкім қазған жоқ. Себебі оның тереңгігі бір метр ғана емес, биіктігі 5-6 метр, диаметрі 20-25 метр. Қазу үшін бірнеше күн уақыт пен көп адамның күші керек. Меніңше, қазған ауыл адамдары болуы мүмкін”, - дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Серікбол Сиырбаев.

Біз мәселенің анық-қанығын білмек ниетпен "Берел" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Алмас Сарбасовқа телефон шалдық. Өйткені 2017 жылы "Берел" музейінің жанынан Шілікті бөлімі ашылған болатын. 

“Шіліктіге Катонқарағайдан арнайы келіп, жергілікті полиция, прокуратура өкілдерімен, ауыл әкімімен бірге жағдайды өз көзіммен көрдім. Тонаушылар ертеректе тоналған бір үлкен қорғанды түнде қазып, қайтадан жауып кеткен екен. Бұл қорған биыл қазба жұмыстары жоспарланған қорған емес, өз алдына бөлек қорым. Енді бір жағынан тонауға ұшыраған деп нақты айту да қиын, алайда тонаушылар тарихи мұра нысанын бүлдірді деп айта аламыз. Біздің топшылауымызша, қорғанды бүлдірген азаматтар бұған арнайы дайындалған, жердің астын зерттейтін қымбат құрылғылары да болған секілді. Әйтпесе, бір түнде қазып, оны қайта жабу оңай шаруа емес қой. Жай адамдар бұлай істей алмайды. Жергілікті халық "бұған ауылға соңғы жылдары көшіп келген адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін айтуда. Бұрын мұндай жағдай болмайтын" деп отыр. Енді мұны құқық қорғау органдарының қызметкерлері анықтайды. Өз тарапымыздан Зайсан аудандық полиция бөліміне арыз тапсырдық. Полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Енді іздестіру жұмыстарын жүргізеді”, - деді Алмас Сарбасов.

Оның айтуынша, Шілікті жазығындағы қорғандардың 38-і "Берел" музейіне қарайды. 

“Тасбастау ауылындағы бір үйді жалға алып, шағын музей ашқанбыз. Ішіне Шіліктіден шыққан жәдігерлер қойылған. Оның арасында түпнұсқа жәдігерлер де бар. Зайсан ауданы мектептерінің оқушылары музейге жиі келеді. Болашақта Шіліктіде Берелдегідей жеке музей салынғаны дұрыс деп ойлаймын”, - дейді ол. 

Араға біраз уақыт салып, "Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шыңыс Қазақстан облыстық мекемесі" КММ қызметкерлері Шіліктідегі қорғандар бойынша тексеріс қорытындысын шығарды. Соған сенсек, ұрланды, қиратты дейтіндей факті болмапты.

Айта кетейік, дәл осындай жағдай Тарбағатай ауданындағы обаларда кездескен. Онда да дәл осындай тәсілмен қазылған. Бұл мәселе де әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде.

“Тарбағатай ауданына қарасты қорымдар да қазылып, тоналуда. Бұның бәрінің артында қылмыстық топтардың бары анық! Қазақ халқының руханияты мен құнды жәдігерлерін тонап жатқандарға ешбір шектеу болмайтын сияқты ма, қалай өзі?!" - деп жазды Еркебұлан Зағыпаров өзінің жеке парақшасында.

Ал жауапты мамандар аталған мәселе бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқандарын жеткізді. 

Дайындаған: Таунар Қайратұлы

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр