Ұлттық қордың төлемдері мен саудадан түскен бонус үшін табыс салығын төлеу керек пе
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке табыс салығын есептеуге енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұмыскерлерге кәсіптік төлемдер
Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіргендей, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда қызмет ететін жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау үшін жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем сомалары жеке табыс салығын салудан босатылады. Ай сайынғы сома бір ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынна тең (2024 жылы – 43 407 теңге). Өзгеріс 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
Ұлттық қордан балаларға төлемдер
Мақсатты жинақтар жеке табыс салығынан босатылады:
- баланың 18 жасқа толғанға дейін БЖЗҚ нысаналы жинақтаушы шотында тұрғын үй жағдайын жақсарту мен білім алуды төлеу мақсаттарына жинақталған;
- баланың 18 жасқа толуынан кейінгі 10 жыл ішінде қолданылмаған азаматтың ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотына бағытталған.
Өзгеріс 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Тұрақ орындарын өткізу кезіндегі құн өсімі
Тұрақ орындарын өткізу кезінде салық салу мен декларациялауға жататын мүліктік кіріс мысалы тұрғынжайларды өткізумен іспеттес туындайды (тұрақ орындары меншік құқығында бір жылдан аз уақыт болған жағдайда). Бұрын мүліктік кіріс иелік ету мерзіміне қарамай туындайтын. Өзгеріс 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі.
Көлік құралын өткізу кезіндегі құн өсімі
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әкелінген бір жылдан аз меншік құқығында болған көлік құралын өткізген жағдайда сатып алу бағасын (құнын) анықтау кезінде осындай механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді әкелу кезінде тауарларға арналған декларацияда көрсетілген кедендік және кәдеге жарату төлемдері де ескеріледі. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі.
Жеке тұлғаларға бонустар
Сатушының сатып алушыға тауарларды (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) алғаны үшін есептелген бонустар сомасы жеке табыс салығын салудан босатылады. Өзгеріс 01.01.2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ретроспективті түрде қолданысқа енгізіледі.
Біржолғы зейнетақы төлемдері
- Жеке тұлға Қазақстанның шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен кезде;
- зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылған адамға төленген кезде;
- 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылғандарды қоса алғанда жеке тұлға зейнетақы аннуитеті шарты бойынша зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аударған кезде;
- еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы болып табылатын жеке тұлғаға (әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкері және т.б.) біржолғы зейнетақы төлемі кезінде жеке табыс салығы біржолғы ретпен ұстап қалынады.
Өзгеріс 2023 жылғы 1 шілдеден бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі.
Жеңілдіктер
- БЖЗҚ төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табыстың мөлшерін айқындау кезінде келесі тұлғалар 882 АЕК шамасында стандартты шегерімді қолдануға құқығы бар:
- бірінші, екінші немесе үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
- ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- мүгедектігі бар баланың немесе бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-аналары, қорғаншылары, қамқоршылары;
- бала асырап алушылардың бірі, жетім балалар мен балаларды асырап алушы ата-аналардың бірі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған асырап алушы отбасылары.
Өзгеріс 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі.