Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Дархан Ділманов 4 жылға сотталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасары - Шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділмановқа шекара бекеттерінде анықталған өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша үкім шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы гарнизоны әскери сотының хабарлауынша, Ділмановқа және басқа да лауазымды тұлғаларға қызмет бабын асыра пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған және аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін – “Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi”, “Билiктi терiс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда”, “Пара алу” баптары бойынша айып тағылды. 

"Д.Е. жүктерді өткізу пункті арқылы Қытайдан Қазақстанға ауыстырып тиеудің әзірленген қылмыстық схемасы және оны енгізуге жәрдемдесу қажеттілігі туралы мәліметтерді Д.Д.-ға жеткізді, бұл ретте белгіленген схема сәтті жұмыс істеген жағдайда ол бұдан белгілі бір табыс алатынын нақтылады.

Бақылау пункті арқылы тауарды одан шықпай және жалпы кезекті айналып өтудің заңсыз схемасы енгізілуіне байланысты 1750 реттік рейс жасалды, нәтижесінде ірі шығын келтірілді", – делінген хабарламада.

Айыпталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, әскери жарғылардың қорытындыларымен, сараптамалармен, құжаттық тексеру актілерімен дәлелденді. Бұл туралы сотта түсіндірілді.

Прокурор сотталушыларды кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілеумен 4 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы К. кінәсін мойындамай, әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.

Сотталушы Ділманов және басқалар өз кінәларын толық мойындап, істеген істеріне өкініп, жазаның ең жеңіл түрін, ең төменгі жаза түрін тағайындауды, сондай-ақ қосымша жаза түрлерін қолданбауды сұрады.

"Сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, Д.Д.-ға Қылмыстық кодекстің “Билiктi терiс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда” бабы бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Қаулы етіліді, Қазақстан Республикасының Президентіне Д.Д. "генерал-лейтенант" әскери атағынан, ІІ дәрежелі "Айбын" мемлекеттік наградасынан және "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері" құрметті атағынан айыру туралы ұсыныс енгізілсін", – делінген сот үкімінде. 

Қ. қылмыстық кодекстің “Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi”, “Билiктi терiс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда”, “Пара алу” баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Е., қылмыстық кодекстің “Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау” бабын пайдалана отырып, қылмыстық кодекстің “Пара алу” баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған параның 30 еселенген сомасы – 1 267 000 теңгеге – 38 010 000 теңге айыппұл салынды.

Қалған сотталушылар Қылмыстық кодекстің “Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi”, “Билiктi терiс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда” бабы бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстық кодекстің “Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау” бабын қолдана отырып, оларға мүлкі тәркіленбей, 3 жыл 6 айдан 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталғандардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Дархан Ділманов 2022 жылдың сәуір айының басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры қызметінен босатылған болатын. Ол бұл қызметті 2015 жылдың шілдесінен бері атқарды. 1998-2015 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде басшылық қызметтерде болған.

Ол 2022 жылдың 25 маусымында қамауға алынған еді. 

Талқылау