Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк Бірыңғай зейнетақы қорынан алынатын 173 миллиард теңгені "Бәйтерек" холдингінің облигацияларына салады

ҚР Ұлттық банкі экономиканың нақты секторындағы жобаларды кредиттеу аясында БЖЗҚ зейнетақы активтерін нарық шарттарына сай инвестициялайтынын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банк экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыру үшін 2024-2025 жылдарға жоспарланған инвестициялау аясында БЖЗҚ зейнетақы активтерін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ облигацияларына нарық шарттарына сай жылдық 13% кірістілікпен және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен 173 млрд теңгеге "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ облигацияларын сатып алатынын хабарлады.

Қазақстан қор биржасында орналастырылған облигациялардың жалпы көлемі 190 млрд теңгені құраған. Осы облигацияларды орналастыруға жалпы сомасы 17 млрд теңгеге БЖЗҚ-дан өзге де инвесторлар қатысты.

“Жоғарыда аталған облигацияларды сатып алу – нақты кірістілік алу бойынша ұзақмерзімді мақсаттарға сәйкес келеді және салымшы зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етеді”, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.



"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыруға жұмсайды. Осы жобаларды іске асыру экономиканы әртараптандыру және өсіру мақсатына сай келеді. Сонымен бірге теміржол көлігімен жүк және жолаушы тасымалдау саласындағы транзит пен көліктік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

“Жоғарыда аталған облигациялар эмиссиясының проспектісінде борыштың негізгі сомасын мерзімінен бұрын қайтару көзделгенін атап өткен жөн. Мәселен, эмитент 5 жыл өткеннен кейін жыл сайын облигация ұстаушыларға тиесілі облигациялардың бір бөлігін олардың талабы бойынша бастапқы орналастыру көлемінің 10%-на дейінгі мөлшерде номиналды құнына сай сатып алуға міндетті”, – деп қосты Ұлттық банк.

Айта кетейік, бұған дейін Зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңге Ресей Қазақстанға салып беретін ЖЭО құрылысына жұмсалмақ екені жазылған. БЖЗҚ-дан алынатын қаржының бір бөлігі елімізде салынатын үш ЖЭО жобаларын бірлесіп қаржыландырады деп жоспарланған. Бағдарлама операторлары “Бәйтерек” пен “Самұрық-Қазына” холдингі болады. 

Талқылау