Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді

Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,75%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,75% болады. 

Шешім экономикада сақталып отырған инфляцияға қарсы қысым аясында қабылданды, оның нәтижесінде инфляция 2021 жылы 7,5-8,5% болжамды ауқымнан, әлемдік нарықтардағы бағалардың өсуінен, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуінен және ел ішіндегі жоғары инфляциялық күтулерден жоғары қалыптасады.

Сыртқы инфляциялық ахуал қолайсыз болып қалуда. Бұл әлемдегі азық-түлік бағасының жоғары болуына, жеткізілім қатарының үзілістеріне, тасымалдау, шикізат пен энергия тасымалдаушылар құнының өсуіне, сондай-ақ ішкі сұраныстың қалпына келуіне байланысты. ФАО азық-түлік бағаларының индексі 2021 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының барлық шағын топтарына бағаның артуы нәтижесінде жылдық көрсетуде 32,8%-ға өсті.

Негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Қытайда көмір мен энергияны көп қажет ететін салалар өніміне бағаның жоғарылауы нәтижесінде өндірушілер бағасының индексі 10,7%-ға дейін өсті. Биылғы жылғы қыркүйекте ЕО-да жылдық инфляция 3,6%-ға дейін, Ресейде – 7,4%-ға дейін жылдамдап, жылдамдауын жалғастыруда, мұны жылдық мәнде 7,8%-ды құраған қазандағы апталық инфляция көрсетіп отыр.

Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 8,9% болы. Үдеу барлық құрамдас бөліктерде байқалады. Тамақ өнімдеріне бағаның өсуі (8,9%-дан 4,5 п.т.) жылдық инфляцияның жылдамдауына негізгі үлес қосуда.

Азық-түлік инфляциясы жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан 2021 жылғы қыркүйекте жылдамдауын жалғастырып, жылдық мәнде 11,5% болды. Жемшөп дақылдары, дизель отыны, электр энергиясы және бидай бағасының көтерілуі кезінде өндірушілердің өзіндік құнының өсуі нәтижесінде ет (10,3%), нан-тоқаш (8,7%) және сүт өнімдері (8%) бағасының жылдық өсуі азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне негізгі серпін болды. Әлемдік бағаның өсуі қосымша инфляцияға қарсы қысым көрсетеді. Мәселен, 2021 жылғы қыркүйекте етке ФАО индексі жылдық мәнде 26,3%-ға дейін, сүт өнімдеріне – 15,2%-ға дейін өсті, ал бидайға әлемдік бағаның өсуі 41% болды.

2021 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 7,5% болды. Осы жылдамдауға үй тұрмысындағы заттар, киім-кешек пен аяқ киім, ЖЖМ мен қатты отын бағасының жылдық өсуі негізгі үлес қосады. Киім-кешек пен аяқ киім бағасы импорттық тауарлар бағасының жоғарылауына, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне байланысты артуда. Өз кезегінде, өзіндік құнның өсуіне және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты ЖЖМ мен қатты отын бағасы артты.

Ақылы қызметтер инфляциясы 2021 жылғы қыркүйекте 6,8%-ға дейін жылдамдады. Динамика реттелетін қызметтер бағасының – 5,6%-ға, білім беру қызметтері бағасының – 8,4%-ға және тұрғын үйді жалға алу бағасының – 18,6%-ға өсуіне негізделген.

Реттелетін қызметтер арасында қыркүйекте электр энергиясы бағасының 8,3%-ға және сұйытылған газ бағасының – 6,4%-ға өсуі байқалды.

Инфляциялық күтулер жоғары деңгейде сақталуда. Бұл ретте, 2021 жылғы шілде-тамызда тіркелген ең жоғары мәндерден біртіндеп төмендеу байқалады. 2021 жылғы қыркүйекте бір жыл бұрынға инфляцияны сандық бағалау өсіп, 9,0% болды. Ағымдағы инфляция қарқынының жылдамдауын және сақталуын күтетін респонденттердің үлесі 59%-ға дейін төмендеді (тамызда – 61,5%). Өткен айда баға серпінінің бағалауында бағаның өте жоғары өсуін атап өткен респонденттердің үлесі де шілдедегі ең жоғары көрсеткіштен төмендеп, 52% (шілдеде – 65,7%) болды.

Нақты сектордың даму серпіні Ұлттық Банктің күтуіне сәйкес келеді. 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің оптимистік сценарийіне сүйене отырып, ІЖӨ өсуі 3,4% болды. Экономиканың қалпына келуі шикізат нарықтарындағы әлемдік бағалардың өсуі және карантиндік шектеулердің жеңілдетілуі аясында жалғасты. Өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат және байланыс салалары, мемлекеттік сектор жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет көлікте оң өсу қарқыны байқалды. Оптимистік сценарийге сәйкес биылғы жылы экономика 3,7-4,0%-ға өсті.

Эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы аясында тұтынушылық белсенділік сенімді түрде қалпына келуде. 2021 жылғы шілде-тамызда біршама баяулағаннан кейін бөлшек сауда айналымының өсу қарқыны қалпына келіп, 2021 жылғы қыркүйекте жылдық мәнде 5,6% болды. Бөлшек сауда айналымының құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар айналымының өсу аймағына бір мезгілде шығуымен тамақ өнімдері саудасының неғұрлым белсенді серпіні байқалды. Ішкі сұраныстың серпінді қалпына келуі номиналды және нақты кірістің өсуімен нығайтылды. 8 айда номиналды кірістің өсуі 12,9%, нақты өсу – 4,9% болды. Жоғары сұраныс тұтынушылық тауарлар импортының жылдамдауына әсер етеді. 2021 жылғы 8 айда тұтынушылық импорт 7,7 млрд АҚШ долларына дейін 23,9%-ға өсті.

Әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдай жалпы алғанда оң бағаланады. Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы 2018 жылғы қазаннан бастап алғаш рет сұраныстың артуы, қосымша энергия көздері (газ, көмір) бағасының өсуі, сондай-ақ ОПЕК+ елдері тарапынан мұнайдың неғұрлым ұстамды ұсынысына байланысты мұнайдың әлемдік қорының төмендеуі аясында бір баррель үшін 86 АҚШ долларына дейін өсті. Осылайша, жыл басынан бастап 22 қазанға дейін Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 63%-ға өсіп, орташа есеппен бір баррель үшін 69,3 АҚШ доллары болды. 

EIA бағалауы бойынша мұнайға әлемдік сұраныстың өсу қарқыны нарықтағы мұнай тапшылығын сақтай отырып, оны өндіруден 2022 жылдың ортасына дейін алда болады. 

2022 жылдың екінші жартысынан бастап ОПЕК+ елдерінде және ОПЕК-тен тыс жерлерде мұнай өндірудің күтілетін өсуіне байланысты нарықта оның артық болуы пайда болуы мүмкін, бұл да мұнай бағасына қысым көрсетуі мүмкін. Осылайша, мұнай бағаларының траекториясы болжамды мерзімде бір баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде болады деп болжанатын "2021 жылғы тамыз-қыркүйек" болжамды кезеңінің оптимистік сценарийі іске асырылып отыр. 
Дамушы елдерден кейін дамыған елдердің жекелеген орталық банктері монетарлық талаптарды күшейту цикліне кіре бастайды. 2021 жылдың басынан бастап 31 орталық банк, оның ішінде дамыған елдер – Норвегия және Оңтүстік Корея негізгі мөлшерлемені көтерді.

Ресейдің орталық банкі соңғы отырысында негізгі мөлшерлемені 7,5%-ға дейін 0,75 п.т. арттыра отырып, монетарлық саясатты күшейту циклын белсенді түрде жалғастырды. Бұл шешім нақты инфляцияның болжамды мәндерден айтарлықтай ауытқуымен негізделеді. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша Ресейде инфляция 7,4–7,9% аралығында болады деп күтілуде. Сонымен қатар реттеуші инфляциялық процестер ішкі сұраныстың кеңеюі өндірісті ұлғайту мүмкіндігінен едәуір озып кетуіне байланысты орнықты сипатқа ие болып отырғанын атап өтті. Мұндай жағдайда өндірушілер ұлғайған шығындарын бағаға ауыстырады. Өз кезегінде, осының аясында халықтың инфляциялық күтулері артып, бес жылдық ең жоғары көрсеткішке жетті.

Талқылау