Он үйді су басқан: Ұлытау облысында су тасқынына қатысты шенеуніктер жауапқа тартылмақ
Қаржы мониторингі агенттігі су тасқынына байланысты Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істерді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Агенттіктің дерегінше, тергеу барысында құрылыс нормаларының орындалмағаны, жобалау құжаттамасынан ауытқуларға жол берілгені анықталған.
"Осылайша жобалаушы өзеннің су көлемінің өткізу қабілеті азайып кеткен. Себебі облыстың табиғи ресурстар басқармасының басшысы іс жүзінде жасалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Құрылыс объектісіне бармастан техникалық және авторлық қадағалаушылар да орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойып беріп отырған", – делінген агенттік хабарламасында.
Лауазымды тұлғалардың аталған қылмыстық әрекеттері көктемде төтенше су тасқыны кезінде 10 жеке үйдің суға кетуіне әкеліп соқты. Су тасқыны кезінде Ұлытау облысы Жезді кентіндегі 24 жеке үйден 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланған. Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілген.
"ҚР ҚПК-нің 201-бабы "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу" тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының (Кiнәсiздiк презумпциясы) 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі", – деп мәлімдеді қаржы мониторингі агенттігі.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Кореяда соңғы айда ондаған шенеунік өлім жазасына кесілгенін жазған едік. Билік өкілдерінің елдің едәуір бөлігіне зиян келтірген су тасқынының салдарымен күресе алмауы себеп болыпты. Алайда Солтүстік Корея мұны жоққа шығарды. Ким Чен Ын Пхенган провинциясындағы жағдайды өзі тексерді. Синуйдзю және Уиджу аймақтарында су тасқыны болып, төрт мыңнан астам үй зардап шекті. Солардың біріне қонаққа барған ел басшысы ағашқа соғылды.