Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұл ма, қыз ба: Қазақстанның қай өңірінде бала көп туылады

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда қыздардан қарағанда ұл балалардың көп туылғанын мәлімдеді. 2024 жылғы санақ бойынша 368 670 бала дүниеге келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 20 286 084 адамды құрады (қалалықтар – 12 774 743, ауылдықтар – 7 511 341).

2024 жылы өмірге келген балалар саны – 368 670, оның ішінде ұлдар – 190 213, қыздар – 178 457

"Ең жоғары туу көрсеткіші Түркістан (1 000 адамға шаққанда 25,05), Маңғыстау (24,47) облыстарында және Шымкентте (23,68) тіркелді", – делінген демографиялық жағдай туралы бюро мәліметінде.

Сонымен қатар 2023 жылы Қазақстанда 388,4 мың бала дүниеге келді. Оның 51,6%-ы ұлдар, 48,4%-ы қыздар. Статистика бюросының деректеріне сүйенсек, өткен жылы қайтыс болғандар саны 133 592 адам болды. Ең жоғары өлім-жітім деңгейі Солтүстік Қазақстан (1 000 адамға шаққанда 11,57), Шығыс Қазақстан (11,29) және Қостанай (10,18) облыстарында байқалды. Бұл осы өңірлердегі халықтың жас құрылымына байланысты.

"Өткен кезеңде 123 651 неке тіркелсе, ажырасулар саны – 40 647", – деп мәлімдеді бюро.



Еске салайық, Қазақстанда былтыр бала туу көрсеткіші 4,2% төмендегенін жаздық. Атап айтқанда, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында ең аз бала дүниеге келген. Мамандар болашақта елімізде бала туу көрсеткіші төмендейді деген болжам жасады. Жүргізілген сауалнамаға жауап бергендердің айтуынша, балалардың тууы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты. Өмір сүру деңгейі төмендеген сайын демография да төмендейді дейді халық.

Талқылау