Футболдан әлем чемпионатында ширек финалға шыққан алғашқы жұп анықталды

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында ширек финалдың алғашқы жұбы анықталды. Жартылай финал жолдамасы үшін Марокко мен Франция құрамалары кездеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марокко құрамасы ширек финалға алғаш болып жолдама алды. "Атлас арыстандары" Канаданы 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Бірінші таймда есеп ашылмағанымен, үзілістен кейін Аззедин Унахи дубль авторы атанып, Суфиан Рахими матчтың соңғы нүктесін қойды. Осы жеңістен кейін Марокконың жеңіліссіз сериясы 10 матчқа жетті. Ал Канада үшін турнир 1/8 финал кезеңінде аяқталды. Соған қарамастан, плей-офф кезеңіне шығу ұлттық құрама тарихындағы маңызды жетістік саналады.
Марокконың келесі қарсыласы Франция құрамасы болады. Француздар Парагвайды үлкен қиындықпен жеңді. Кездесудегі жалғыз голды 70-минутта Килиан Мбаппе пенальтиден соқты. Төреші Дезире Дуэге қарсы жасалған ережебұзушылықтан кейін 11 метрлік айып добын белгіледі.
Франция матч бойы басымдық танытқанымен, қарсыластың мығым қорғанысын ұзақ уақыт бұза алмады. Нәтижесінде ойын 1:0 есебімен аяқталды.
Мбаппе турнирдегі нәтижелі сериясын жалғастырып, гол санын жетіге жеткізді. Осылайша ол әлем чемпионатының үздік сұрмергендері жарысында Лионель Мессимен теңесті. Жалпы әлем чемпионаттарында француз шабуылшысы 19 гол соғып үлгерді. Бұл көрсеткіш бойынша ол Мессидің рекордынан бір ғана допқа қалып тұр.
Алдағы уақытта АҚШ пен Бельгия, Португалия мен Испания, Бразилия мен Норвегия, Мексика мен Англия, Швейцария мен Колумбия, Аргентина мен Египет өзара ширек финалға кім шығатынын анықтайды.