Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"500 мыңнан 1 миллионға дейін табатындар бар": Еліміздегі такси жүргізушілерінің айлығы қанша?

Бүгінде көшеде қол бұлғап, такси тоқтатып тұратындар некен-саяқ. Өйткені, қолындағы смартфонмен үйінің алдына дейін такси шақырып, бір қадам аттап баспайтындай жағдай жасалған. Еліміздегі ең танымал такси қызметінің жүргізушілері қанша табады? "Яндекс таксиде" қызмет ету механизімі қандай? Stan.kz тілшісі Қазақстанда "Яндекс такси" қызметі ашылғалы бері жұмыс істеп жүрген жүргізушілермен тілдесіп, жұмысы туралы сұрап білді. 

такси

Өзін Данияр Күзембаев деп таныстырған такси жүргізушісі Қазақстанда "Яндекс Такси" қосымшасы ашылғалы бері сонда жұмыс жасайды. Өзін "ардагер жүргізушімін" деп қалжыңдап таныстырады. Ал өзінің алғашқы мамандығы мүлде бөлек. 

"Негізгі мамандығым - сантехник. Колледждегі оқуымды бітірген соң фирмада жүргізуші болып істедім. Одан кейін "Яндекс Такси" компаниясына тұрақты тұрде жұмыс істеуге бел будым. 2015 жылы такси жүргізуші болып тіркелдім. Содан бері үзбей істеп келе жатырмын. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеу, дамыту туралы ойлар келеді. Болашақтың еншісінде", - дейді ол. 

Қазіргі жұмысында әбден әккі болып алған ол жақсы айлық тауып отыр. Айтуынша күніне ең кемі 25 жолаушы тасиды екен.

"Күніне ең кем дегенде 25-30 тапсырыс орындаймын. Әр кезде әртүрлі сағат істеймін. Кейбір күндері он сағаттан жоғары болса, кейде одан төмен. Айлығым да істеген жұмысыма қарай шығады. Ең көп тапқан жалақым 500 000 теңге. Ал ең аз дегенде 200 мың теңге табамын", - деген ол бұл айлық отбасын асырауға толықтай жетінін алға тартады. 

Бес жылдық тәжірибесінде түрлі жолаушы көрдім деген ол түрлі қызыққа да тап болады екен. Көп жағдайда жолаушылар жеке заттарын ұмытып кететін көрінеді. 

"Түрлі жолаушылар отырады. Өзін ұстай алмайтын адамдар да отырады. Түрлі қызықтарға да тап болып жатамыз. Көп жағдайда жолаушылар заттарын ұмытып жатады. Телефон, әмиян, бас киім, көзілдірік деген сынды дүниелерін ұмытып кетеді. Сондайда компанияның техникалық қолдау орталғына хабарлап, жолаушының мәліметтерін аламыз. Хабарласып заттарын кері қайтарамыз", - дейді ол.

25 жастағы Али Баханов компьютер технигі мамандығы бойынша оқу бітірген. Алайда өз мамандығына қатысты екі қолға бір күрек таппаған соң, такси жүргізушісі болуға бет бұрған. Өйткені көлік жүргізген жанына жағатын көрінеді. 

"Ұнататын жұмысым -  көлік жүргізу болғандықтан осы жұмысты істей отырып ақша тапқым келді. "Яндекс Таксиде" жүргізуші болып жұмысқа тұрдым. Алайда алғашқы кезде қолым жүрмей қойды. Бір жыл істеп мардымды ақша таба алмадым. Сосын уақытша бұл жұмысты қоя тұруға тура келді", - дейді ол. 

Таксист болып жүргеніне бір жылдан асса да ойындағыдай ақша таба алмаған соң демалуды жөн көрген ол жақында қайта осы істі қолға алған. Бұл жолы бұрынғыдай емес. Жақсы табыс тауып, аз уақыт ішінде қомақты қаражат жинап үлгерген. 

Ресейлік жолаушы тасымалдау такси қызметі Қазақстанға келгеніне де бірнеше жыл болды. Алидің өзінен "Яндекс Таксиге" қалай жұмысқа орналасатыны жайында сұрағанда: 

"Яндекс Таксиде" қызмет ету үшін көлік өзіңдікі болса да, жалдап алсаңыз да айырмасы жоқ. Мысалы сіз өзіңіздің машинаңызбен келіп, офисқа тіркелесіз. Олар сізді тапсырыспен қамтамасыз етеді. Осымен олардың қызметі аяқталады, ешқандайда талап-шарт қоймады. Күніне 1 ғана тапсырыс аласың ба, жоқ 100 тапсырыс аласың ба өзің білесің. Айлық өзіңіз жұмыс істегеніңізге байланысты программа есептеп береді. Орта есеппен күніне 15 000 теңге табамын, ең көп тапқаным 1 күнде 21 000 теңге. Ең азы 7 000 теңге.

Күніне 15-20 адам тасимыз. Кейбір күндері 27 адам тасыған кездерім де болған. Жолаушылардың көңіл-күйі бізге әсер етеді. Егер аурасы нашар адамдар отырса, сіздің де көңіл-күйіңіз түсіп шаршау пайда болады. Аз уақыт ішінде апарып тастасаң да шаршау пайда болады. Кейде әңгімелесіп, мінезі ашық адамдарды көріп, шаршағаныңыз басылады", - деп бөлісті жұмысының қызығы мен шыжығы туралы такси жүргізушісі.

Елімізге бірер жыл бұрын келіп, жолаушылар тасымалындағы барлық бәсекелестеріне төтеп берген "Яндекс-такси" мыңдаған азаматтарды жұмыспен қамтып, нәпақасын табуға мүмкіндік беріп отырған компания қандай пайда табады? 

"Әр тапсырыстан компания 12% комиссия ұстап қалады. Сосын 4,8% көлемінде комиссия такси тұрағы алып қалады. Жалпы есеппен әр тапсырыстың 17%-ын ұстап қалады. Енді айлыққа келсек, өз машинасымен жалқауланып жүріп істесе, айына ең аз дегенде 150 мың шығады. Егер тырысып, тоқтамай, азаннан кешке дейін істесе 300 мыңға көтере алады. Бұрын мұндай емес, ақша аз шығатын. Тағы бір айта кететіні уақыт та үлкен рөл ойнайды. Бұрын күту уақыты 5 минут еді. Осы уақыт аралығында түспесе, жүргізуші ол тапсырыстан бас тарта алмайтын. Егер бас тарту тетігін бассаңыз рейтингіңіз түсіп кетеді. Ол түспес үшін жолаушыны күтіп отыруға тура келетін. 5 минут ішіде шықпаса, әр күткен минут үшін де ақша төленеді. Демек күту де ақылы. Ал қазір 3 минут күтесіз, одан кейін әр минутына 10 теңге көлемінде ақша ұстап отырады", - дейді азамат. 

Алидің айтуы бойынша "Яндекс таксиде" істеп айына миллион тауып жүрген жігіттер бар. Ол қалай дерсіз. 

"Менің естуімше, осы компанияда такси жүргізушісі болып айына миллионнан асырып тауып жүргендер бер. Ағайынды екі ұйғыр жігіт такси жүргізіп, күніне 35 мыңнан кем таппайды. Екеуі бір адам ретінде компанияға тіркеліп, кезек-кезек істейді. Яғни бірі таңнан кешке дейін істесе, екіншісі кештен таңға дейін бір көлікті жүргізеді. Демек тәулік бойы жолаушы тасымалдып, айына 1 000 000-нан аса табыс тауып отыр", - дейді ол. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау