Visa мен Halyk She’s Next бағдарламасының төртінші толқынына қатысуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады
Қазақстанда She’s Next бастамасының төртінші толқынына өтінім қабылдау басталды. Бұл жаһандық бастама Қазақстандағы әйелдердің кәсібін қолдауға және дамытуға бағытталған. She’s Next жобасы елімізде Visa компаниясы мен Halyk серіктестігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
2021 жылдан бері бұл бағдарламаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 30 мыңға жуық ісін жаңа бастаған және ісін жүргізіп жүрген кәсіпкер әйелдер қатысып келеді. Алдыңғы кезеңдердің жеңімпаздары жалпы сомасы 29 миллион теңге көлемінде гранттарға ие болып, өз бизнестерін бастап қана қоймай, жұмыс істеп тұрған жобаларын кеңейтуге мүмкіндік алды.
Өз ісін бастап кеткен немесе болашақта жеке кәсіп ашуды жоспарлап жүрген кез келген әйел осы бастамаға қатыса алады. Биыл қатысу шарты бұрынғыдан да оңайырақ. She’s Next платформасына тіркеліп, бизнес-жоспары мен қысқаша видео таныстырылым жіберсе болғаны.
"Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау – бұл тек экономикалық дамуға қосқан үлес қана емес, сонымен қатар әділетті әрі тұрақты қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Visa және Halyk жүзеге асырып отырған She’s Next жобасы осы уақытқа дейін өте жақсы нәтижелер көрсетті. Осы бастаманың бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Жаңа кезең аясында өңірлер мен моноқалалардағы кәсіпкер әйелдерге ерекше назар аударып отырмыз. Яғни, көбіне осындай қолдау бағдарламаларынан тыс қалып қойып жүрген жандарға арналады. Білім, менторлық қолдау мен қаржылық ресурстар оларға тек өз кәсібін нығайтып қана қоймай, басқа әйелдерге де алға ұмтылуға шабыт береді деп сенеміз. Бұл жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға сеп болады. Өз кезегінде бұл қоғам мен кәсіп саласын өзгертіп, жергілікті қауымдастықты дамытады", – деді Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Өтінім 7 тамызға дейін қабылданады. Сарапшылар комиссиясының іріктеуі нәтижесінде келесі кезеңге өткен 30 адам She’s Next Camp-ке қатысу мүмкіндігін алады. Бұл екі күндік жабық бизнес-интенсив Алматы қаласында өтеді. She’s Next Camp аясында қатысушыларды қазақстандық жетекші сарапшылар өткізетін тәжірибелік шеберлік сабағы, білім беру сессиялары мен менторлық қолдау күтеді. Бұл әрі жобаларды қазылар алқасының алдында қорғауға дайындық кезеңі болмақ. Жеңімпаздар өз кәсібін құруға немесе дамытуға арналған ақшалай гранттарға ие болады.
Жаңа форматтан бөлек, биыл She’s Next бизнес санаттарын кеңейтіп отыр. Бұған дейінгі "Жаңа басталған кәсіп" пен "Қалыптасқан кәсіп" санаттары болса, енді оған қосымша ретінде жаңа "IT-кәсіп" санаты енгізілді. Бұл – технологиялық бағытта бизнес жүргізіп жүрген немесе болашақта осындай істі ашуды армандайтын кәсіпкер әйелдерге арналған.
"Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау – Visa компаниясының негізгі бағыттарының бірі. Елімізде әйелдер экономикаға белсенді араласып келе жатқан кезеңде She’s Next жаһандық бастамасының төртінші толқынын іске қосып отырғанымызға қуаныштымыз. She’s Next – бұл тек қаржылай көмек қана емес, білім, нетворкинг, шабыт пен қолдау. Осы арқылы әйелдер өз істерін бастауға және дамытуға мүмкіндік алады. Жаңа форматтың көмегімен экономика мен қоғамды жақсартуға дайын көптеген дарынды кәсіпкер әйел өздерін аша түседі деп сенеміз", – деді Visa компаниясының аға вице-президенті, Украина, Грузия, ТМД елдері және Оңтүстік-Шығыс Еуропа бойынша өңірлік менеджері Кристина Дорош.
She’s Next бастамасы қатарынан үшінші жыл жүзеге асырылып келеді. Бұл жолы да оны Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігінің ұлттық қауымдастығы "ASMAR" қолдап отыр.
Аталған қауымдастық еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосып, жергілікті бизнес-қауымдастықтар құруға, әйелдерге білім, менторлық және қаржылай қолдау көрсетуге көмектесіп жатыр.
"She’s Next – жай ғана байқау емес. Ол әсіресе өңірлер мен моноқалалардағы мыңдаған әйелдерге арналған санаулы әлеуметтік мүмкіндіктің бірі. Ауыл-аймақтағы кәсіпкер әйелдердің грант немесе жеңілдетілген несие арқылы өз ісін бастап, көршілеріне жұмыс орындарын ашқанын көргенде еліміздің дамуының нағыз көрінісі осы деген сезім пайда болады. Осы бағдарлама аясында дүниеге келген әрбір табысты тарих өзге әйелдердің санасындағы кедергілерді бұзуына көмектеседі. Үлгі тұтар тұлға қалыптастырады. Біздің міндетіміз – осындай табысқа жету тәсілін бүкіл Қазақстанға тарату", – деді "ASMAR" Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігі ұлттық қауымдастығы Президиумының төрайымы, президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова.
Бағдарламаның төртінші толқынына қатысу шарттары мен кезеңдер туралы толық ақпарат төменде берілген:
Қатысушылар санаттары:
- "Қалыптасқан кәсіп";
- "Жаңа басталған кәсіп";
- IT-кәсіп.
Жобаның кезеңдері
Тіркеу. 23 маусым мен 7 тамыз аралығында Қазақстандағы кәсіпкер әйелдер She’s Next платформасына тіркеліп, бастамаға қатысуға өтінім бере алады.
Бизнес-жоспарлар мен видео таныстырылым. Тіркеу аяқталған соң 8 тамыздан 22 тамызға дейін әрбір қатысушы өзінің бизнес-жоспарын және ұзақтығы 2 минутқа дейінгі видео таныстырылымын жүктеу мүмкіндігіне ие болады. Видео таныстырылымда кәсіпкер өз жобасы немесе идеясы туралы, мақсаты мен шабыты жайында айтып, неліктен дәл өзі She’s Next Camp-ке лайықты екенін көрсетуі керек.
Келесі кезеңге өтетіндерді іріктеу. 23 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында сараптамалық комиссия барлық бизнес-жоспар мен видео таныстырылымды қарап шығып, бағалайды. Нәтижесінде әр санат бойынша 10 қатысушыдан, жалпы 30 финалист анықталады. Олар Алматы қаласында өтетін She’s Next Camp-ке шақырылады.
She’s Next Camp. Финалдық кезең – екі күндік жабық бизнес-интенсив. Мұнда қатысушылар арнайы білім беру бағдарламасынан өтіп, өз жобаларын қорғауға дайындалады.
Екінші күні қатысушылар жобаларын қазылар алқасының алдында таныстырады (питчинг).
Қорытындысы бойынша 7 жеңімпаз анықталады. "Жаңа басталған кәсіп" – 3 жеңімпаз, "Қалыптасқан кәсіп" – 3 жеңімпаз және IT-кәсіптен – 1 жеңімпаз болады.
Сыйақы қоры
"Қалыптасқан кәсіп" номинациясы:
1-орын – 5 000 000 теңгелік грант;
2-орын – 3 000 000 теңгелік грант;
3-орын – 2 000 000 теңгелік грант.
"Жаңа басталған кәсіп" номинациясы:
1-орын – 3 000 000 теңгелік грант;
2-орын – 2 000 000 теңгелік грант;
3-орын – 1 000 000 теңгелік грант.
"IT-кәсіп" номинациясы:
– 1 500 000 теңге көлемінде грант;
Сонымен қатар жеңімпаз Visa-ның Дубайдағы инновациялық орталығына барады. Бұл жерде болашақ төлем жүйелерін дамытатын жаңа технологиялармен танысу мүмкіндігі беріледі.
Бастамаға қатысты барлық жаңалықтар мен кезеңдер туралы ақпарат ресми She’s Next Telegram-арнасында, сондай-ақ Visa мен Halyk-тың әлеуметтік желілерінде жарияланып отырады.
Visa – цифрлық төлем индустриясының жаһандық көшбасшысы. Visa 200-ден астам ел мен аймақта тұтынушылар, бизнес, қаржы және мемлекеттік ұйымдар арасындағы төлем транзакцияларын өңдейді. Компанияның мақсаты – қауіпсіз, сенімді және инновациялық төлем желісі арқылы әлемді біріктіру және жаһандық экономикалық әл-ауқатқа ықпал ету. Толығырақ: visa.com.kz
Halyk – Қазақстандағы ең ірі жүйе құраушы банк. 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша активтері 18,6 триллион теңгеден асады. Банк 563 бөлімше мен филиалдан тұратын кең ауқымды желіге ие. Сондай-ақ Грузия мен Өзбекстанда да жұмыс істейді. 2018 жылдан бері Halyk әйелдер кәсіпкерлігін белсенді қолдап келеді. Түрлі өңірлерден келген 600-ден астам әйелге 7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген (6-8%) несие берілді.
Толығырақ: halykbank.kz

Ирандағы шиеленістен соң мұнай құны өссе, Қазақстанда доллар бағамы төмендей ме – Сарапшылар жауап берді
