Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вице-министр сабақ кезінде көрсетілген порно роликтерге қатысты түсініктеме берді

Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари онлайн сабақтар кезінде порно роликтерді қосу мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Рүстем Биғаридің айтуынша, білім министрлігі мұғалімдерге міндетті авторизациясы жоқ платформаларды пайдаланбаңыздар деп ескерту жасаған.

"13-ке жуық отандық платформа бар. Солардың көмегімен сабақ өтілсе, үшінші тарап білім беру үдерісіне кедергі бола алмайды, өйткені олар міндетті авторизацияны қажет етеді. Кейбір мұғалімдердің Zoom таңдауының себебі - таныс интерфейс. Сондай-ақ, сабақ біткеннен кейін бейнеконференцияны жабуға көмектесетін функциясы бар екенін атап өткім келеді. Бірақ бәрінің компьютерлік сауаттылығы жоғары емес, сондықтан инциденттер орын алып жатыр", - деді білім және ғылым вице-министрі.

Егер мұғалімдер қауіпсіздік талаптарын сақтайтын болса, онда сабаққа ешкім кедергі келтіре алмайды. 


"Біз мұндай жағдайлар орын алмауы үшін барлық күш-жігерімізді саламыз. Алдымен білім министрлігі тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұғалімдерге бағдарламаларды оқытуға қалай пайдалану керектігі туралы жаднамалар береді. Сонымен қатар, әр аймақтың білім басқармаларының үйлестірушілері нұсқаулық жүргізеді. Әрине, бұл ережелерді кейбірі түсінбеуі мүмкін. Сол себепті біз мұғалімдерді отандық платформаларды қолдануға шақырамыз", - деді ол.

Еске сала кетейік, биыл көптеген оқушылар коронавирустық пандемияға байланысты бейнеконференциялар мен мессенджерлерді пайдаланып қашықтықтан білім алуда. 

Осыған дейін Нұр-Сұлтанның 5 сынып оқушылары бейнебайланысқа шыққанда порно ролик көрсетілгені туралы белгілі болған. 

Талқылау