Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вице-министр кейбір азаматтарға неліктен 42500 берілмегенін атап өтті

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ақмади Сарбасов 42500 теңгелік әлеуметтік төлемге түрмеде отырғандардың, қайтыс болған және шетелде тұратын азаматтардың атынан өтініш келіп түскенін мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Еңбек министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы өтініш берушілердің мәліметтерін тексеру кезінде жеке кәсіпкерлер мен қызметкерлердің жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмеу жағдайлары анықталды. Осыған байланысты оларға әлеуметтік төлемдер төлеуден бас тартылды", - деді Ақмади Сарбасов. 

Сондай-ақ ол неліктен кейбір азаматтарға жәрдемақы берілмегенін атап өтті.

"Төлемді тағайындамау зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауына, төтенше жағдай кезінде зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың өсуіне, жеке кәсіпкерлердің кірісті жоғалтқанын растамауына, бірнеше кірістің болуына, өтініште көрсетілген жұмыс беруші зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеушіге сәйкес келмеуіне байланысты болды. Сонымен қатар, жұмыссыздық мәртебесі бола тұра өтініш бергендер де бар. Мұнан бөлек, қайтыс болған адамдардың, шетелге шығып кеткен адамдардың, қамауда отырған адамдардың атынан өтініштер, төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік сектордың, квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және басқа кәсіпорындардың қызметкерлерінің өтініштері, белсенді зейнетақы және жәрдемақы алушылардың өтініштері де түскен", - деп қосты вице-министр.

Еске салайық, вице-министр 42500 теңгеге өтініштер қайта қаралатын болғаны жайлы айтып кеткен еді. 


 

Талқылау