Вакцинация мен ПТР-тест оразаны бұза ма? Алматының бас имамы жауап берді
Коронавирусқа қарсы екпе оразаны бұзбайды. Бұл туралы Алматының бас имамы Еркінбек Шоқай айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында онлайн-брифинг өтті. Кеңес барысында қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай ораза ұстауға ниет етіп жүрген мұсылмандардан түскен сұрақтарға жауап берді. Спикер коронавирусқа қарсы вакцина мен ПТР-тест тапсыру оразаны бұзбайтынын түсіндірді.
Еркінбек Шоқайдың айтуынша, егер зат (сұйықтық) адам ағзасына ауыз немесе мұрынмен асқазан-ішек жолдары арқылы түсетін болса, ораза бұзылады. Ал вакцина инъекция жолымен енгенде ораза бұзылмайды. Сондықтан ковидке қарсы екпе салдыру оразаны бұзбайды.
Алматы қаласына арналған 2021 жылдың оразасы кестесі
"Қазір коронавиурс тек біздің елге ғана емес, күллі әлемге қауіп төндіруде. Ғалымдар мен медицина қызметкерлері одан құтылудың жолын іздестіріп жатыр. Дәрігерлер қазір бұл індеттен құтылудың бірден-бір жолы ретінде екпе салуды ұсынып отыр. Өзім дәрігерлерге сенемін. Сондықтан жаппай вакцина алғанымыз дұрыс. Екпенің шариғатқа ешқандай қайшылғы жоқ", - деді Алматы мешітінің бас имамы.
Ол дәруменге жатпайтын, тек емдеу мақсатында қолданылатын инъекцияларға рұқсат берілгенін айтты.
Сонымен бірге, имам ПТР-тестілеуден өту оразаны бұзбайтынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда Рамазан 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 13 мамыр - Ораза айттың бірінші күні.