Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вакцина салдырған қазақстандықтар Ashyq жүйесіне қашан енгізіледі

Қазақстандықтардың вакцинация төлқұжаттары шілде айына дейін Ashyq жүйесіне енгізіледі. Вакцинацияланған қазақстандықтар коронавирустық вакцинаның екінші дозасын қабылдағаннан кейін бір жыл бойы "жасыл" мәртебеге енгізіледі деп жоспарлануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Вакцинация паспорты интеграцияланатын болады. Қазіргі уақытта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен техникалық жұмыстар жүргізілуде. Екі компонентпен вакцинацияланған әрбір адам "жасыл" мәртебеге ие болады", - дейді денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы  Жанар Уразалина.

Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш вице-министрі интеграция 1 шілдеге дейін аяқталуы керек екенін айтады.

"Вакцинация паспортын енгізу үшін 1 шілдеге дейін уақытымыз бар. Вакцина алған адам жасыл мәртебеге ие болуы үшін біз барлық техникалық мәселелерді шешіп жатырмыз", - деп түсіндірді цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева база әлі күнге дейін интеграцияланбаған себебін түсіндірді. Оның айтуынша, ғалымдармен бірге талқылауды қажет ететін мәселелер бар. 

"Бұл мәселелердің барлығы әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды. Біз оларды талқылап жатырмыз. Кейбір тұстары әлі шешілген жоқ, сондықтан вакцинация паспорттарын Ashyq бағдарламасына енгізе алмаймыз. Алдағы уақытта талқылаулар жүргізетін боламыз", - деп түсіндірді Якупбаева.

Талқылау