Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вагондарға қызмет көрсететін ҚТЖ-нің еншілес ұйымы миллиардтаған шығынға ұшырады

ҚТЖ Вагоносервис
Фото: ҚТЖ

2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚТЖ-ның еншілес ұйымы "Вагонсервис" 5,8 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Вагонсервистің" кірісі 2024 жылғы 55,8 миллиард теңгеден 2025 жылы 56,7 миллиард теңгеге дейін аздап өскен. Оның ішінде байланысты тараптарға көрсетілген қызметтерден түскен кіріс 52,6 миллиард теңге, үшінші тараптарға көрсетілген қызметтерден түскен кіріс 3,8 миллиард теңге, ал үшінші тараптарға тауар сатудан түскен кіріс 269,4 миллион теңге болды.

  • Өнімнің өзіндік құнында персоналға жұмсалатын шығын 2024 жылғы 11 миллиард теңгеден 12 миллиард теңгеге;
  • Электр энергиясына жұмсалған шығын 91 миллион теңгеден 100,4 миллион теңгеге;
  • Жалдау ақысы 145,1 миллион теңгеден 184,1миллион теңгеге дейін артқан.

 

2025 жылдың соңында компанияның жабылмаған шығыны – 3,7 миллиард теңге. Ал 2024 жылдың соңында бөлінбеген пайда – 4,9 миллиард теңге болған.

2017 жылы "Вагонсервис" "Жолаушылар тасымалы" компаниясымен сенімгерлік басқару туралы келісім жасасып, құны 6 миллиард теңге болатын негізгі құралдарын оның басқаруына берген. 2025 жылдың соңына қарай берілген активтердің құны 3,98 миллиард теңгеге дейін төмендеген.

2025 жылы "Вагонсервис" акционеріне 2,8 миллиард теңге дивиденд төледі. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,95 миллиард теңге болған.

2023 жылы компания "Астана" халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасында номиналды құны 1 мың теңге болатын 32,25 миллион облигация шығарды. Олардың айналым мерзімі 2033 жылға дейін белгіленген.

Облигациялар бойынша мөлшерлеме өзгермелі: Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі (қазір16,75%) + 1,5%.

Сонымен қатар, 2015 жылы "Вагонсервис" "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы – Қазақстанның Даму банкінен 28 жолаушылар вагонын сатып алу үшін 5 миллиард теңге көлемінде несие алған. Несие 20 жылға, жылдық 1,75% мөлшерлемемен берілген, ал тиімді мөлшерлеме – 7,38%.

2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанның Даму банкі алдындағы несие қарызы 3,8 миллиард теңге болды.

"Вагонсервис" жолаушылар вагондарына ағымдағы жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар вагондарды сумен және қатты отынмен қамтамасыз етеді, сондай-ақ вагондарды жалға береді.

Бұған дейін ҚТЖ-ның еншілес компаниясының топ-менеджері пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Әлеуметтік желіде "Қазтеміртранс" Алматы филиалының директоры 540 миллион теңге шамасында пара алғаны туралы ақпарат тараған еді. Алдын ала мәлімет бойынша топ-менеджер қаладағы мейрамханалардың бірінде тұтқындалған. 

"Қазтеміртранс" компаниясы топ-менеджердің ұсталғанын растады.

 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 09 Тамыз, 2026 09:37