Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гүлмира Сатыбалды төртінші қылмыстық іс бойынша да кінәлі деп танылғанымен жазасы өзгеріссіз қалды

Коллаж: Stan.kz
Фото: Коллаж: Stan.kz

Гүлмира Сатыбалды төртінші қылмыстық іс бойынша да кінәлі деп танылды. Алайда сот оған қосымша жаза тағайындаған жоқ, бұған дейін белгіленген 12 жылдық мерзімі өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, бірнеше күн бұрын Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 56 жастағы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты үкім шыққан.

“2023 жылы Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі алғашқы екі қылмыстық іс бойынша сотталған. Алдымен ол өз бетінше билік жүргізу және адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп танылса, кейін бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету бойынша сотталды. Нәтижесінде оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бір жылдан кейін Сатыбалдыға қатысты тағы бір іс қаралып, оған бопсалау және заңсыз бас бостандығынан айыру айыбы тағылды. Сот барлық қылмыстардың жиынтығын ескеріп, оның жазасын 12 жылға дейін ұзартты”,  – деп баяндады арна.

Деректерге сүйенсек, Гүлмира  Сатыбалдыға қатысты төртінші қылмыстық іс бойынша да үкім шыққан.

“Бұл жолы Гүлмира Қуасқызы алдау арқылы мүліктік зиян келтірді және өз бетінше билік жүргізді деп айыпталды. Іс оның туысы, әпкесінің бұрынғы күйеуі Абай Жүнісовке қатысты әрекеттеріне байланысты қозғалған. Гүлмира мен Абай бірге кәсіп жүргізіп, Алматыда "Восточка" тұрғын үй кешенін де салған. Жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен де қаражат алынған. Кейін Жүнісовке құжаттарға қол қойдырып, Сатыбалдының адамдарына компаниялардағы үлестерін беруге мәжбүрлеген. Соның нәтижесінде салынған үйлер сатылып, кейбір адамдар пайда тапқан. Ал Жүнісовтың "ВТБ Банкіне" 8 миллиард теңгеден астам қарызы қалған. Жүнісов құжаттарды қысыммен рәсімдегенін айтқан. Оның сөзінше, оны Гүлмира Сатыбалдының үйінің жертөлесінде ұстап, ол жерде 4-5 ай болған. Кейін барлық талапқа келісуге мәжбүр болған”, – делінген хабарламада. 

Қаңтар оқиғасынан кейін Қайрат Сатыбалды ықпалынан айырылған соң, Абай Жүнісов оның бұрынғы әйеліне қатысты арыз жазған.

“Гүлмира Қуасқызы бұл қылмыстық іс бойынша да кінәсін мойындамады. Ол айыптау актісіндегі "сөздердің жиынтығы" өзіне түсініксіз екенін айтып, Жұнусовтың банк алдындағы қарызының өзіне қандай қатысы барын түсінбейтінін мәлімдеді. Алайда сот Гүлмира Сатыбалдыны тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп таныды. Оның 12 жылдық жазасына қосымша мерзім тағайындалған жоқ. Бірақ сот одан 8 миллиард теңгеден астам қаржыны өндіріп алу туралы шешім шығарды”, – делінген хабарламада. 

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Назарбаевтың экс-келіні Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімішыққан еді. Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлмира Сатыбалдыға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. 

Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылған. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптаған.

Stan.kz
Сенбі, 08 Тамыз, 2026 16:56