Тойда айтқан уағызы үшін іс қозғалған ер адамның қызы Тоқаевтан көмек сұрады
Түркістан облысында тойлардың бірінде музыка мен аралас отырған әйелдер мен ерлерді сынап, тілектің орнына діни уағыз айтқан ер адамның қызы желіде үндеу жасады. Ол қазір осы оқиғадан соң үстінен қылмыстық іс қозғалған әкесіне ешқандай заңгерлер көмектеспей жатқанын айтып Тоқаевтан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Наргиза есімді қыз желіде президентке үндеу жолдады.
“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы сізге қарындасыңыз ретінде жеке өтінішпен жүгінгім келеді. Қазір бұл іске ешқандай адвокат, ешкім араласқысы келіп тұрған жоқ. Барлығы қорқады. Біз кімнің неден қорқып жатқанын білмейміз”, – деді ол.
Оның айтуынша, қазір желіде түрлі айыптаулар көбейген.
“Бүгінде әлеуметтік желіде жүздеген адамдар, оның ішінде блогерлер мен қоғамда танымал тұлғалар да әкемнің өмір жолны, оқиғаның мән-жайын және оның қандай ауыр сынақтардан өткенін білместен осы бейнежазбаны таратып, оны алдын ала айыптап жүр. Көпшілігі небір былапыт сөздер айтып әкемнің ар намысына тиіп, абыройына нұқсан келтіруде. Көпшілігі обективті тергеу нәтижесін күтпестен-ақ, өз үкімдерін шығарып қойған. Осы әрекеттерге құзырлы мемлекеттік органдардың тиісті құқықтық баға беруіне тапсырма беруіңізді сізден өтініп сұраймын. Сізден әділдік пен даналық танытып, осы іске ерекше назар аударуыңызды сұраймын”, – деп қорытты ол.
Еске салсақ, бұған дейін “ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды” деп тойда тілек айтудың орнына, уағыз айтып кеткен ер адам көптің ашуына тигені хабарланған еді.
Ер адам қазір тойларда арақ қойылмайтынын оң өзгеріс деп бағалады. Ал енді одан бөлек екі мәселені өзгерту керек дейді. Біріншісі, тойларда музыканы алып тастау. Екіншісі, әйелдер мен ерлерді бөлек отырғызу қажет. Оған қоса қария тойға келген әншілерді "шайтанның азаншысы" деп атады.
Бұдан бөлек, оның әйелдерді "ұрғашылар" деп атауы да қоғам сынына ұшырады. Желі қолданушылары мұндай сөздің орынсыз екенін, той – адамдарға ақыл-өсиет айтатын емес, ізгі тілек білдіретін орын екенін жарыса жазды. Ер адамның үстінен кейін қылмыстық іс қозғалды.
