"Үйлерін қайтарып алатын мүмкіндіктері болған": Алматыдағы атыс туралы жаңа мәліметтер айтылды
Алматыдағы атыс туралы жаңа мәліметтер белгілі болды. Банк сатып жіберген Игорь Дужновтың үйін қайтаруға болатын еді. Ол үшін үй иелері қарыздың кем дегенде 10%-ын төлеуі керек болған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Дужновтың әйелі Анаида Демирчян осы көктемде агенттікке сот шешіміне қатысты шағым түсірген. Дегенмен, ол кезде сот шешімін даулау мүмкін болмапты. Бірақ сарапшылар тексеру жүргізіп, банкке петиция жіберген. Олар несиені қайтару шарттарын өзгертуді сұрапты. ЦентрКредит Банкі агенттіктің өтінішін қабылдаған, алайда Дужновтар отбасы қарыздарын төлеуге асықпапты. Олардың несиелік міндеттемелері 2012 жылдан бері орындалмаған болып шықты. Отбасының банкке 100 миллион теңгеден астам қарызы бар екені анықталған. Содан кейін үй аукционға шығарылған көрінеді. Алайда мүлік иелері үйді босатудан бас тартқан. Нәтижесінде іс насырға шауып, бес адамның өмірі қиылды.
“Агенттік мәселені реттеу мақсатында Демирчянның атынан қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш берді. Банк міндеттемелерді ерікті түрде орындау туралы келісімді ұсынды, оған сәйкес Демирчян қалған қарыздың кемінде 10% -ын төлеуі тиіс еді. Алайда Демирчян бұл мүмкіндікті пайдаланбады”, – дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар департаментінің маманы Дмитрий Акмаев.