Үйіне дейін аңдып, денесіне қол жүгірткен: Астанада ер адамның қызға тиіскен сәті видеоға түсіп қалды (видео)
Астана полициясы ер адамдардың қоғамдық орындарда қыздарға тиіскені түсірілген видеоларға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың бірінде жас жігіт автобустан түскен бір қыздың артынан еріп, үйіне дейін қызды аңдыған. Жігіт қызды орындықта күтіп отырып, сосын жақындап қыздың денесіне қол жүгірте бастайды.
Полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның жеке басы анықталды.
"Бұл іс бойынша құқық бұзушы анықталып, материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді", – делінген хабарламада.
Желіде тараған тағы бір видеода ер адам Астананың Мұхамедханов көшесінде таңертең ерте спортпен шұғылданып жүрген бойжеткенге тиіскен. Жәбірленушінің айтуынша, ол таңертең жүгіруге шыққан, артынан ер адамның дауысын естіген. Бейтаныс жігіт қызға такси қызметін ұсыныпты. Бойжеткен ұсыныстан бас тартқан соң ер адам қызға тиісе бастаған.
Фото видеодан алынған
Полиция ер адамның ұсталғанын мәлімдеді.
"Осы фактіге байланысты ер адам анықталып, соттың шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынды", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін елімізде қыз-келіншектерге тиісіп, қол жүгірткендерді жазалайтын бап кеңейтілетіні туралы жазған едік.