Қандықол қылмыскер емес: Аяжан Еділованың өліміне күдікті жайлы ақпарат айтылды
19 жастағы Аяжан Еділованы аяусыз өлтірді деген күдікке ілінген Түркістан облысының тұрғыны ауруханадан шығарылып, қазіргі уақытта тергеу изоляторына ауыстырылды. Ол енді тергеудің аяқталуын күтеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Күдікті ұстау кезінде өзін-өзі өлтірмек болған. Артынша оған ота жасалып, жағдайы жақсарғаны туралы Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлаған еді. Күдіктінің жағдайының жақсаруы оны тергеу изоляторына ауыстыруға мүмкіндік берді.
Тергеу барысымен танысқан құқық қорғау органдарындағы дереккөз телефон арқылы сөйлескен кезде қазіргі уақытта іс арнайы прокуратураға жіберілгенін айтты. Оған қоса ол күдіктінің осыған ұқсас бірқатар қылмыстар жасады деген қауесеттің шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Күдіктінің тұрғылықты жерінен тек жәбірленуші Аяжан Еділованың заттары табылды. Басқа қыздардың құжаттары немесе заттары болған жоқ. Тергеу кезінде әлеуметтік желілерде жазылған ақпараттар расталмады. Бұл шындыққа жанаспайтын мәліметтер", - деді ақпарат көзі.
Еске салсақ, осыған дейін 19 наурызда Алматыда 19 жастағы қыз түнде жұмыстан шығып үйіне оралмағаны туралы жазған болатынбыз.
Кейін жоғалып кеткен Алматы тұрғыны Аяжан Еділова өлі күйінде табылды. Алматы полициясы күдіктіні - Түркістан облысының тұрғыны, 1993 жылы туған азаматты ұстады.
Полицияға пәтерге шабуыл жасаған кезде ол өзін өлтіруге тырысты.
Сосын Алматыда өлтірілген Аяжанның туыстары сұхбат берді. Сұхбат кезінде қыздың туыс ағасы оның басын қайнатып, тісін, тырнағын бөлек жұлып алғанын айтты.