"Үйімді бұзса, өзімді өртеймін": Алматы тұрғыны әкімдіктің әрекетіне шағымданды
Алматыдағы Алатау ауданы тұрғындары бүгін тағы да дау шығарды. Бұл жолы Томирис шағын ауданының тұрғыны әкімдік үйімді бұзса, өзімді өртеп жіберемін деп мәлімдеді. Ер адам енесінің атындағы жерге үй салып, қабырғасын тұрғызыпты. Бітуге таяғанда, әкімдіктегі атқамінерлер үйін бұзуға келіпті. Өйткені бұл жердің заңды құжаты жоқ екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымжан Серікұлы - бірінші топтағы мүгедек. Енесінің атындағы жерге салған үйге қаққан бір тал шегені, шекемнен аққан терге балап жуырда кіргелі отырғанмын дейді.
"Бұл жер негізі енемнің атында болған, шешімі бар. Осы уақытша үй салған ол кісілер. Сонымен осылай менің денсаулығым жарамсыз болып қалғаннан кейін, енді құжаты толығымен бітпегеннен кейін, сенің денсаулығың жарамсыз, өзің құжатын жәй-жәй туралап аласың дегеннен кейін, салғанмын осы жерді", - деді Ғалымжан Серікұлы.
Бұл отбасы жердің құжатын рәсімдеуге арыз да беріпті. Алайда өтініш қаралмаған.
Ғалымжанның жарының сөзінше, енді үй біткенде, әкімдікте белсенді болып жүрген Бағдат есімді қызметкер дәл осы жерге таласқан.
Ал өзін Алатау ауданы әкімдігінде жәй белсендімін деп таныстырған азамат, әкімдік бәрін былықтырған деп ашулы.
"Мен әкімдікке барып айтамын, неге сендер таныспенен жасатасыңдар жерді деп. "Самозахват" қанша жылдан бері тоқтады, елдің бәрі біледі, 5-6 жыл болып кетті. Мен де осылар ұқсап жер басып алғым келеді", - деді Алатау ауданы белсендісі Бағдат Қожамқұлов.
Алайда Алатау ауданы әкімдігі жерді рәсімдеу қалалық әкімдіктің жер комитетіне тиесілі деп отыр. Сондықтан шарасыз екенін айтады. Алайда бұзуға бұйрық келсе, орындайтынын мәлімдеді.
"Жер комиссиясы бар, ол комииссияның шешіміне сәйкес бұл кісілердің қолында мемлекеттік акт жоқ. Бұл мемлекеттік резервте тұрған жер. Бұл жерге заңсыз үй -құрылысын басып алуы жолымен, заңсыз үй салған", - деді Алатау ауданы әкімдігінің өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Дәулет Ахметов.
Ғалымжан тірнектеп тұрғызған төрт қабырғаны бұзатын болса, үй иесі өзімді өртеймін деп отыр.
Ал Алатау әкімдігі бұл жерді заңсыз басып алғандықтан құжат шықпаған, сондықтан енді не өздері бұзып алсын, не сот тас-талқан етеді деп мәлімдеді.