Қазақстанда жаңа Салық кодексіндегі даулы нормалардың бірі алып тасталмақ

Қазақстанда жаңа Салық кодексіндегі ең көп талқыланған нормалардың бірі – өнім экспортына қатысты ережені алып тастау жоспарлануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтің жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсесінің отырысында құжаттағы ең көп талқыланатын нормалардың бірі – нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылған ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және кәсіпшілік балық аулау өнімдеріне қатысты қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдіктерді қолдану тәртібі қаралды.
“Бұл жерде әңгіме экспорт кезінде осындай өнім бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80% азайтуды көздейтін Салық кодексінің 484-бабының нормасы туралы болып отыр. Салалық қауымдастықтармен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және экспорттаушылармен талқылау барысында экспорттық жеткізілімдер бойынша ҚҚС-ты толық өтеу мүмкіндігін сақтау отандық аграрийлерді қолдаудың қосымша шарасы ретінде қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік беретіні атап өтілді”, – делінген үкімет хабарламасында.
Отырыс қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар үшін есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын түзету қолданылмайды деген шешім қабылданды. Яғни, Салық кодексінің 484-бабының осы нормасы жойылады.
“ҚҚС-ты қайтаруға қойылатын талаптардың негізділігі "пирамида әдісі" деп аталатын салықтық тексерумен расталады. Бұл тауар қозғалысының және салық төлеудің бүкіл тізбегін – ауыл шаруашылығы өндірушісінен экспорттаушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай тексеру оң нәтиже берген жағдайда экспорттаушы бұрын төленген ҚҚС-ты толық көлемде қайтара алады”, – делінген хабарламада.
ОқыңызАтылмыш ұсыныс Салық кодексіне түзетулердің жалпы пакетіне енгізіліп, Құрылтайдың қарауына жіберілетіні атап өтілді. Ол қабылданған жағдайда аталған өзгерістер жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданылады.
“Есепке алу ҚҚС түзету жөніндегі норманы енгізу кезінде бір мезгілде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдік кеңейтілді: бюджетке төленетін ҚҚС сомасын азайту мөлшері 70% -дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Экспорттық ҚҚС-ты қайтарудың бұрын қолданыста болған тетігін сақтау туралы шешім қабылданғандықтан, жеңілдіктің бұрынғы мөлшері – 70%-ды қалпына келтіру ұсынылады”, – делінген үкімет хабарламасында.
Сонымен қатар мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп ҚҚС қайтару кезінде цифрлық теңгені пайдалану тетігін пысықтауда. Оны енгізу бойынша жұмысты биыл аяқтау жоспарланған. Бұл құрал ең алдымен экспорттаушыларға бағытталған және ҚҚС қайтару мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте оны қолдану тек ерікті болады: кәсіпкерлер ҚҚС қайтарудың қолданыстағы тәртібі мен цифрлық теңгені пайдалану арасында таңдау жасай алады.
Еске салсақ, Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. 20 қаңтар күні өткен Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында президент Тоқаев көптің сынына қалған жаңа Салық кодексіне өзгеріс енгізуді тапсырған еді.