Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қайтадан шектеу қойды

Мұнай танкері
Фото: magnific.com

Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қайтадан шектеу қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Ормуз бұғазы маңында ескерту ретінде оқ атылып, Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы кемелерді радио арқылы бұғазға жақындамауға шақырған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Сонымен қатар Иран билігі кемелердің бұғаз арқылы өтуіне толық тыйым салынбағанын мәлімдеді. Алайда кеме қатынасы тек алдын ала өтінім беріп, белгіленген талаптар мен шарттарды орындаған жағдайда ғана жүзеге асырылатыны атап өтілді.

Бұл жағдай Иран мен АҚШ арасындағы алдын ала жасалған келісімге қауіп төндіруі мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше күн бұрын Иранмен келісімге қол жеткізгені хабарланған еді.

Иран билігі барлық майдандарда, соның ішінде Ливанда да, әскери әрекеттерді дереу тоқтатуды талап еткен. Алайда Израиль бұл шарттарды мойындамайтынын және өз әрекеттерін олармен байланыстырмайтынын мәлімдеді.

19 маусымға қараған түні Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде Иранға жақын "Хезболла" ұйымына тиесілі 80-нен астам нысанға соққы жасады. 

Ал бүгінге жоспарланған АҚШ пен Иран арасындағы Швейцариядағы келіссөздер кейінге шегерілді. Вашингтон мұны күрделі логистикалық жағдаймен түсіндірсе, "Хезболлаға" жақын Al-Mayadeen телеарнасы Тегеран Израильдің Ливандағы әскери операциясына байланысты делегация жіберуді кейінге қалдырғанын хабарлады.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 19:56