40 км/сағ орнына 60: Қазақстандықтарға камералардың қателігі салдарынан заңсыз айыппұл салынған

Аягөз қаласындағы көшелердің бірінде көлік қозғалысына сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Алайда сол жердегі камералар қателікпен 40 шақырымға бапталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысы прокуратурасының мәліметінше, осы қатенің салдарынан 172 жүргізуші жылдамдықты асырды деген негізбен заңсыз айыппұл арқалаған.
“Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз шығарылған барлық нұсқаманың күші жойылды. Төленген айыппұлдарды қайтару жұмысы ұйымдастырылды”, – деп мәлімдеді ведомство.
Қазірдің өзінде жүргізушілерге 800 мың теңгеден астам қаражат қайтарылған. Ақшаны қайтару әлі де жалғасып жатыр.
ОқыңызПрокуратура егер жүргізушілер өздерін әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартты деп есептесе, уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе прокуратураға жүгіне алатынын түсіндірді. Мұндай жағдайда қызметкерлер бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша шара қабылдайды.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстанда жүргізушілер жылдамдықты сағатына 2 шақырымға асырса да айыппұл салынады деген ақпарат тараған еді. ІІМ бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Ведомствоның түсіндіруінше, әкімшілік жауапкершілік бұрынғыдай жылдамдықты сағатына 10 шақырым және одан жоғары асырған жағдайда ғана қарастырылады. Яғни жылдамдықты асыру шегі төмендетілмейді.