"Үйді топырақ басты": Петропавл облысында тұрғындар су тасқынына арналған бөгетті үйдің іргесіне тақап салғанына наразы
Петропавл облысында тұрғындар су тасқынына арналған бөгетті үйлерінің ауласына дейін жақындатып салғанына наразы. Айтуларынша, бөгеттің топырақтары қоршауларды басып тастаған. Ал жеріне ескертусіз иелік еткен әкімдік ол үшін уәде етілген төлемді әлі бермеген. Өз қауіпсіздіктеріне алаңдаған жұрт шарасыз екендерін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: сюжет кадрларынан
Бескөл ауылының тұрғыны Данияр Төлегеновтың үінің дәл қасына биіктігі екі метрден асатын бөгет тақап салынған. Үй иесі жұмысшыларға талай мәрте ескертіпті. Айтуынша, әкімдік қызметкерлері жер мемлекет қажеттілігіне алынатындықтан өтемақы төлейміз деп уәде берген. Алайда мұны әлі орандамаған екен.
“Әкімдік өткен жылы өтемақы төлейміз деді. Бірінші бағалаумен біз келіспедік. Екінші рет баспананы 39 миллион теңгеге бағалады. Сол ақшаны әне-міне төлейміз деп созбалаңға салып жүр. Сөйтіп, жүргенде құрылысшылар бөгетті көтеріп тастады. Енді қайдан, кімнен өтемақы сұрайтынымызды білмейміз. Біз мына үйде қалай тұрамыз?”, – деді ол
Данияр Төлегенов бала-шағасымен қайда барарын білмейді. Ол көктем келсе, үйім суға кетіп, назардан тыс қаламын ба деп алаңдайды. Ал шенеуніктер бюджетте қаржы болмағандықтан ақшаны бере алмай отырмыз деп ақталды.
“Біз жасаған бағалаумен ол кісі келіспеді. Сосын оны қайта жасауға тура келді. Сөйтіп жүргенде 2024 жыл аяқталып қалды. Қаржылық жыл біткен соң ақша да бітіп қалды. Сосын төлей алмай қалдық”, – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Бәкеев.
Бескөл ауылында жүктерін буып-түйіп, мемлекеттен қаражат күтіп отырған бес отбасы бар екен. Оларға әкімдік 100 миллион теңгеге жуық өтемақы төлеуге тиіс. Жергілікті биліктің өкілдері бұл азаматтармен наурыз айының соңында ғана есеп айырысамыз деді.