БҰҰ Бас Ассамблеясы Африка аумағын дәл көрсететін әлем картасын қолдану туралы ұсынысты қолдады
БҰҰ Бас Ассамблеясы құрлықтардың нақты көлемін дәлірек көрсететін әлем карталарын пайдалануға шақыратын қарарды қолдады. Бастаманы Африка елдері көтерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір қолданылатын әлем карталарының көпшілігі XVI ғасырда теңізде жүзу үшін жасалған Меркатор проекциясына негізделген. Бұл проекция бағыттарды дәл көрсетуге мүмкіндік бергенімен, аумақтардың көлемін бұрмалап көрсетеді. Экватордан алыстаған сайын елдер картада шынайы көлемінен үлкен болып көрінеді. Сондықтан Ресей, Канада, АҚШ және Солтүстік Еуропа елдері экваторға жақын орналасқан аумақтарға қарағанда картада әлдеқайда үлкен көрінеді.
Мысалы, Гренландия картада Африкамен шамалас болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде Африка құрлығы Гренландиядан шамамен 14 есе үлкен.
Меркатор проекциясына тыйым салынбайды
Қарар Меркатор проекциясына тыйым салмайды және оның орнына бір ғана міндетті картаны енгізбейді. Құжатта аумақтардың көлемі арасындағы нақты арақатынас маңызды болған жағдайда үкіметтерге, мектептерге, халықаралық ұйымдар мен технологиялық компанияларға тең аумақты көрсететін карталарды қолдану ұсынылады.
Қарарда осындай карталардың бірі ретінде 2018 жылы жасалған Equal Earth проекциясы көрсетілген. Ол елдер мен құрлықтардың көлем арақатынасын дәлірек көрсетеді. Мұндай карталарда Африка әлдеқайда үлкен болып көрінеді. Ал Ресей, Канада, АҚШ және жоғары ендіктерде орналасқан басқа аумақтар Меркатор проекциясындағыдан кішірек көрінеді.
Африка елдері Меркатор проекциясының ондаған жыл бойы қолданылуы Африканың картадағы "символдық тұрғыда кішірейтілуіне" әкеліп, құрлықтың қабылдануына әсер етті деп есептейді.
Қарарды 164 мемлекет қолдады. Ал АҚШ оған қарсы дауыс берген жалғыз ел болды. Тағы алты мемлекет дауыс беруден қалыс қалды.
АҚШ өкілі бұл бастаманы "радикалды идеологиялық жобаның" бір бөлігі деп атап, құжатта кездесетін "когнитивтік әділет" және тарихи залалды өтеу туралы тұжырымдарды сынға алды.
Украина да Африканың карталарда тарихи тұрғыда бұрмаланып көрсетілуін түзету идеясын қолдады. Алайда Киев Equal Earth карталарының кейбір нұсқаларында Ресей басып алған украин аумақтарының көрсетілуіне алаңдаушылық білдірді.
Украина бұл картада Ресей басып алған украин жерлерінің көрсетілуі аумақтардың қай елге тиесілі екеніне қатысты қате түсінік қалыптастыруы мүмкін деп алаңдады.
Қарар міндетті емес
БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары міндетті заңдық күшке ие емес. Сонымен қатар ол Меркатор проекциясынан бас тартуды талап етпейді.
Жердің шар тәрізді бетін жазық картаға түсірген кезде оның ауданын, пішінін, қашықтығын және бағыттарын бір уақытта дәл сақтау мүмкін емес. Сондықтан картографиялық проекциялардың әртүрлі түрі алдағы уақытта да қолданылмақ. Олардың нақты түрі картаның мақсатына қарай таңдалады.
Африканың картадағы нақты көлемін дәлірек көрсету науқанын құрлықтағы қоғамдық ұйымдар шамамен он жыл бұрын бастаған. 2025 жылы "Картаны түзет" деп аталатын бастаманы Африка одағы да қолдады.
Сол кезде науқан авторлары БҰҰ-ның тиісті органына аумақтардың нақты көлемін дәлірек көрсететін карталарды пайдалануды қарастыруды сұрап, өтініш жолдаған. Олар Меркатор проекциясына балама ретінде 2018 жылы жасалған Equal Earth проекциясын ұсынды.
Бастамашылар үкіметтер мен халықаралық ұйымдарды мұндай карталарды, соның ішінде білім беру материалдарында да пайдалануға шақырды.