Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үшқоңырда резиденция, Алмарасанда тұрғын үй кешені, Жандосовтағы зәулім үй: Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сотта элиталық мүліктері туралы айтылды

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтті. Бұл жолы Сатыбалды отбасының Алматы облысындағы мүліктері туралы деректер айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Алмарасандағы Алмарасандағы "Алатау сити". Фотоны сот отырысында Қасым Жүнісов көрсетті

Сот процесі туралы қысқаша

Айта кетеік, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. Сот процесі 3 маусымда басталды және әлі жалғасып жатыр. 

  1. Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
  2. Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Кезекті отырыста не айтылды?

Сот отырысында "Ария Жаңа Астана" ЖШС-нің 2019-2021 жылдардағы 508,7 миллион теңге салық берешегі үшін төрт жыл жазасын өтеп жатқан Ғани Бекбосыновтан куәгер ретінде жауап алынды. Жауап алу кезінде адвокат Рашид Теңізбаев жәбірленуші Қасым Жүнісовке сұрақ қоюға рұқсат сұрады. Сосын адвокат Қасым Жүнісовтен Гүлмира Сатыбалдының "Ария Жаңа Астана" мәселесін қадағалауға қатысы бар-жоғын сұрады.

"Иә, 2012 және 2018 жылдары Гүлмира мен Қайрат Сатыбалды "Бауыр Қазақстанның" еншілес кәсіпорны "Ария Жаңа Астана" компаниясының көмегімен жеке төрт нысанды салды. Бірінші нысан Алматы облысы, Қарасай ауданы Жандосово ауылында. Бұл үш қабатты үй Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі болды. Нысан "Ария Жаңа Астана" үйі құрылысшылардың көмегімен салынған. Мұны растайтын құжатым бар, міне, бухгалтериядан алынған құжаттардың түпнұсқасы. Үй 406 миллион теңгеге салынған
— деп жауап берді Қасым Жүнісов.

Гүлмира Сатыбалды Қасым Жүнісовтің сөзін бөліп, бұл үйлер жәбірленуші Абай Жүнісовтің сыйы деп жауап берді.

"Екінші нысан Үшқоңырда президентке арнап салынған. Құрылысқа тағы да (Ария жаңа Астана" үлес қосты. Қайрат Сатыбалдының өзі атқарылған жұмыстар мен есептерді жасауға көмектесті. Ол бұл істе басты адам болды. Бас директор Қайдар Батырбеков пен Әсел Бақтиярқызының арасында құрылысы аяқталмаған нысан бойынша 2013 жылдың 3 шілдесінде 1,5 миллиард теңгеге сатып алу-сату келісімі жасалды. "Үшінші жоба ретінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алатау ауылында Қайрат Сатыбалдының жеке үйі салынды", – деп жалғастырды Қасым Жүнісов сотқа құжаттарды көрсетіп.

Адвокат Әсел Бақтиярқызының кім екенін сұрағанда Қасым Жүнісов “ол Қайрат Сатыбалдының екінші әйелі” деп жауап берді. Судья адвокаттан мұның не екенін сұрады. Рашид Теңізбаев Қасым Жүнісов көрсеткісі келген құжаттар қорғаушының заңды ұстанымына қайшы келеді деп түсіндірді.

"Бұл Гүлмира Сатыбалдының осы жобаларға қатысқанын білдіреді. Қорғаушы тарап Гүлмира Сатыбалды "Бауыр Қазақстан" компаниялар тобын, соның ішінде "Ария жаңа Астананы" ағайынды Жүнісовтер ақша алуына байланысты бақылауға алуға мәжбүр болды деп мәлімдейді. Олар Сатыбалдының Жүнісовтерден алғанының бәрі сол құрылыс үшін дейді. Бірақ Гүлмира Сатыбалды бұған қатысым болмады деген еді, ал құжаттардағы деректің бәрі керісінше", – деп түсіндірді Рашид Теңізбаев.

Сотта Рашид Теңізбаев Қасым Жүнісовтен жауап алуды жалғастырғысы келді, бірақ сот айғақтардың айыптау мерзіміне (2019 жылдың ақпанына) қатысты емес екенін айтып, бас тартты.

Үшқоңырдағы резиденция, Жандосов дағы үй және Алмарасандағы “Алатау сити” туралы не белгілі?

Сот отырысынан кейін Қасым Жүнісов "Ария Жаңа Астана" ЖШС қаражатына салынған делінетін жылжымайтын мүлік туралы айтып берді. Кейін бұл нысандар Сатыбалды отбасының қарамағында болды.

Бірінші нысан – Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жандосово ауылы, Қызғалдақ көшесі мекенжайында орналасқан саяжай. Үйдің ауданы – 669 ш.м. Жер телімі – 0,7740 га. Аумақта террасса, гараж, жазғы ас үй, монша, екі беседка, бассейн, футбол алаңы және субұрқақ бар.
Қасым Жүнісовтің айтуынша, бұл үй формальды түрде Қайрат Сатыбалдының бұрынғы күзетшісі, кейін Гүлмира Сатыбалдыға қызметке кіріскен Бүркіт Нағашыбектің атына тіркелген. Зәулім үй 2016-2017 жылдары 406 миллион теңгеге "Ариа Жаңа Астана" ЖШС қаржысына салынып, Гүлмира Сатыбалдыға берілді дейді. Ал Гүлмира Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниялова бұл үй Сатыбалдынікі екенін жасырмады, бірақ бұл Абай Жүнісовтың сыйлығы деп отыр.

Екінші нысан – Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағының үстінде Алмарасан шатқалында 12,5 гектар аумақта орналасқан "Aлатау сити" кешені. Бұған дейін Алатау ауылында сүт зауыты болып, жабылып қалған. 2012 жылы учаскенің мақсаты "ауыл шаруашылығына арналған" орнынан "жеке тұрғын үй құрылысына" өзгертілді.

Кейін Қарасай ауданының әкімдігі бұл жерді Кемал Ефендиге 54,2 миллион теңгеге сатып жіберген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Кемал Ефендиді Қайрат Сатыбалдының сенімді адамы деп атайды. Қазір ол іздеуде. Жәбірленушілер жағы нысанның не болғанын білмейді, бірақ Қайрат Сатыбалды мүлікті қайтару кезінде нысанды мемлекетке беруі мүмкін деп болжады.

Үшінші нысан – Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртінде орналасқан резиденция. Құрылысы 2012 жылы басталып, 2015-2016 жылдары аяқталды. "Ария Жаңа Астана" нысанды италиялық компаниямен бірлесіп салған.

Қасым Жүнісовтың айтуынша, Үшқоңырдағы жобаны Әсел Бақтиярқызы қаржыландырған. Резиденцияға ауданы 2000 шаршы метрден асатын қонақүй, жеке фитнес орталығы, канадалық балқарағайдан жасалған монша, қызметкерлер үйі және қауіпсіздік казармасы кіреді. Жобаның құны шамамен – 25 миллион доллар.

Азаттықтың дерегінше, Қайрат Сатыбалды бұл мүлікті өзінің нағашысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берген. Бұл Сатыбалды 2023 жылдың қыркүйегінде "Қазақтелекомдағы" және Көлікке қызмет көрсету орталығындағы ұрлық үшін алты жылға сотталғаннан кейін болды. "Азаматтарға арналған үкімет" Үшқоңыр үстіртіндегі резиденция Назарбаев қорының меншігінде деп мәлімет берген.

Талқылау