Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш қызды зорлаған түркістандыққа сот үкімі шықты: Ер адамға химиялық кастрация жасалады

Түркістан облыстық сотында 33 жастағы педофилге сот үкімі шықты. Шәуілдір ауданының тұрғыны бұдан екі жыл бұрын қарындасымен ойнауға келген кішкентайларға азғындық жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: wallpapers.99px.ru

Мәліметтерге сүйенсек, жазғы каникул кезінде екі ай бойы үш жасөспірімге сексуалдық сипатта зорлық көрсетіп, зорлау әрекеттерін жасаған қылмыскер сұмдықты жасыру үшін қыздарды қорқытқан. Сөйтіп оларға мың теңге берген. Кішкентай қыздар сол кезде 10 және 12 жаста болған. 

Жәбірленушілердің көрген қорлығы былтыр ғана әшкереленді. Бірақ жауапқа тартылған ер адам өз кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Алайда сот медициналық сараптама кезінде былықтың бәрі анықталды. Зорлық көрген жасөспірімдер де болған жағдайды баяндап берді. 

“Абақтыдағы аудиожазба да жаға ұстатарлық жағдайға дәлел болды. Онда сотталушы екі қызды зорлап, біреуіне сол сипаттағы әрекет жасағанын айтқан. Педофилдың психикалық ауытқушылығы бар-жоғына да сараптама жасалды”, – деді Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі.

Осылайша қылмыс барысында да, оған дейін де ер адамның ақыл-есі түзу болғаны анықталды. 



Түркістан облысында екі бап бойынша жауапқа тартылған ер адамға сот үкімі шықты. 33 жастағы қылмыскер өмірінің 25 жылын түрмеде өткізеді. Сонымен қатар сот оған қатысты химиялық кастрациялау шарасын тағайындады.

Еске салайық, бұған дейін Оралда бес адамға қатысты топтық зорлау және көлік ұрлау фактілері бойынша сот үкімі шыққанын жаздық. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі соты көлік ұрлап, 13 жасар қызды зорлады деп айыпталған бес адамға қатысты үкім шығарды.

Талқылау