Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күдіктінің аяғы ауыр әйелі мен үш қызы бар": Түркістан облысындағы анасы мен қызы жауыздықпен өлтірілген ауылда тұрғындар бас көтерді (видео)

Түркістан облысы, Келес ауданында анасы мен қызы айуандықпен өлтірілген ауыл тұрғындары күдіктінің туыстарының аймақтан кетуін талап етіп, бас көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғындармен қоса ауыл әкімінен бастап, тәртіп сақшылары 30 жастағы ер адамның үйіне барған. Күдіктінің жақындары "ауылдан көшіңдер" деген тұрғындар талабына үш апта уақыт беруді сұраған. 

"Марқұмның жақындары да, күдіктінің туыстары да осы аядай ауылда тұрады. Ертелі-кеш бір-бірін көруі мүмкін. Ер азаматтар арасында кек алу мақсатында қантөгіс болмасына кепілдік жоқ. Сондықтан қамаудағы адамның жақындары бұл ауылдан көшсін деп талап еттік", – деді марқұмның туыстары.

Ақырында күдіктінің отбасы үш апта ішінде ауылдан көшіп кетуге уәде берген. 

Одан бөлек азаппен ажал құшқан Зарипа Нарымбетова мен Нұрила Тоғанбайдың жақындары полицейден қысым көрдік деп араша сұрап жатыр. Марқұм 45 жастағы келіншектің артында қалған қос қызын аудандық полиция бастығы шақырып алып, ақпарат жариялағаны үшін айыппұл салып немесе қамауға алатынын айтып, қорқытқан.  

"Келес аудандық полиция басқармасының бастығы өз кабинетіне кіргізіп, сіздер неге әлеуметтік жағдайларға ақпарат таратасыңдар? Бүкіл жазған, шығарған сөздеріңіздің бәрін өшіріңіздер. Өшірмесеңіздер сіздерге 600 мың теңге айыппұл саламын. Болмаса 15 тәулікке қамауға да құқығым бар деп қысым көрсеткен", – дейді Ержан Байболатов.


Еске салайық, 12 қыркүйекте Амангелді ауылында бір үйден оқушы мен анасының денесі табылған еді. Зарипа мен Нұриланы өлтірді деген күдікпен ауылдың бұрынғы дене шынықтыру мұғалімі ұсталды. Күдіктінің үш баласы мен аяғы ауыр әйелі бар екені анықталды. 30 жастағы ер адам былтыр “оқушысына ғашықпын дегені” үшін жұмысынан қуылған екен.

"Күдікті жұмыстан шығып кеткесін әкесі де, өзі де жеңгеме тыныштық бермепті. Ауыл ішінде көрген сайын кінәлап, өзі тіпті хабарлама жазыпты. "Қайтсем де көрсетемін" деген мағынада. Оны бізге ешкім айтқан жоқ. Жеңгем үн-түнсіз ішіне сақтап жүре берген екен", – деп қосты Ержан Байболатов.

Мектепке "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасымен келген бұрынғы мұғалім бұған дейін сотты болмаған әрі наркологиялық есепте тұрмаған. Полицейлер марқұмның артында қалған қыздарына "зорлық пен нашақорлық" сынды жалған ақпарат таратқаны үшін түсіндіру жұмыcын жүргізгенін жеткізді.

"Келес ауданының полициясы қаза тапқан жергілікті тұрғындардың туыстарына жалған ақпарат пен сотқа дейінгі тергеу деректерін таратуға жол бермеу туралы түсіндірме жүргізді. Ауылдағы жағдай тұрақты және бақылауда", – деді Түркістан облысы полиция департаменті. 

Сот медициналық сараптамасы бір айдан кейін ғана белгілі болмақ.

Бұған дейін өлтірілген екі адамның туыстары мән-жайды айтып берген еді. 

Талқылау