Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш айдаһардың анасы": 24 жастағы алматылық келіншек үшем қызын қалай тәрбиелеп жатқанын айтты

Желіде “Үш айдаһардың анасы” деген видео көпті сүйсінтіп, 2,4 миллионнан астам қаралым жинаған. 24 жастағы келіншек үшем босаныпты. Stan.kz тілшісі үш қызды дүниеге әкелген Ғалия Берекешевамен тілдесіп, үшемнің анасы болудың қызықтары мен қиындықтары туралы сұрады.

Фото: Avdi.photo Instagram-парақшасынан

24 жастағы Ғалия Берекешева Қарағанды ​​қаласының тумасы, 5 жылдан бері Алматы қаласында тұрады. Білім алуға келген ару өмірлік жарын да осы қаладан тауыпты. Отау құрғаныма 3 жыл болды дейді. Қазір отбасының Рузанна, Карина және Милана есімді 2 айлық үшем қызы бар. 

“Бұл – менің бірінші жүктілігім және оларды жасанды ұрықтандырусыз көтердім. Осылайша биыл наурызда ана атандым, 12 мамырда оларға 2 ай толды. Алғашында құрсағымда үш нәресте барын білген жоқпын. Бірінші рет УЗИ-ге түскенімде бір бала болады деді. Бірақ 10 күннен кейін ультрадыбыстық зерттеуден тағы өтуімді өтінді. Қайта келгенде маман құрсақта егіз болуы мүмкін деп болжады. Бірақ жүктіліктің мерзімі кішкентай болғандықтан, тағы бір аптадан кейін келуді ұсынды. Осылайша жүктіліктің 10-аптасында үшем дүниеге келетінін білдік”, – дейді келіншек.

“Нәрестелер құрсаққа сыймай кетті”

Сөзінше, олардың әулетінде ешкімде егіз немесе үшем жоқ. Сондықтан олар бұл жаңалыққа бірден сене алмаған, күтпеген жағдай болды дейді. 

“Бірден үш баланың ата-анасы болатынымызды білгенде қатты таңғалдық. Бірақ қуанышымызда шек болмады. Өйткені біз ата-ана болуды армандадық қой. Туыстарым да алаңдағанымен, біз үшін қуанды”, – деді үшемнің анасы.

Айтуынша, жүктілік аса ауыр өтпеген. Десе де 6-айдан бастап құрсақтағы сәбилер тез өсіп, салмақ жинай бастаған. 

“Жүктіліктің 25-27 аптасынан кейін ішім үлкейіп кетті. Ішімнің өзі 12 келі болған еді. Алаңдатқаны – оларға менің құрсағым тар болып, сыймай кетті. Нәрестелер ішімді жан-жаққа кергендей болатын. Артынша денем ісініп, ентігетін болдым. Жүрегім айнып, асқазаным ауыра бастады. Бірақ бұл сәттер де сонысымен қызық болды, көңілді өтті дей аламын”, – деді Ғалия Берекешова. 

“Үш қызды туған күнімде босандым”

Жүктіліктің 36-аптасында яғни 8-айда кесір тілігі жасалыпты. Айтуынша, бұл үшем үшін рұқсат етілген максималды кезең. Көбі бұдан ерте босандырып алуға тырысады екен. Осылайша Ғалия өз туған күніне сыйлық жасап, 12 наурызда үшемді дүниеге әкелді. Рузаннаның салмағы 2 келі 395 грамм, Каринанікі 2 келі 102 г және Милананікі 2 келі 58 г болған. 

Сәбилер монохорионды триамниотикалық үшем екен. Яғни ұрықтардың бәріне бір плацента, ондай үшем бір-біріне өте ұқсас болады. Қыздар бір-бірінен айнымаса да, ерлі-зайыпты үшеуін ажырату оңай екенін айтады. 

Фото: Ғалия Берекешованың жеке парақшасынан

“Балалар шала туғандықтан және салмақтары кішкентай болған соң, бірден интенсивті терапия бөліміне жеткізілді. Сол кезде өз балаларымды құшағыма ала алмай, жырақта болғаныма қиналдым. Сәбилерімнің жанында болғым келетін. Оларға тек үш сағат сайын баруға рұқсат етілген еді”, – дейді үш қыздың анасы.



“Күйеуім де мен сияқты ата-ана, ол қыздарына менімен бірдей қарайды”

Ғалия Берекешова бірден үш сәбидің анасы атану оңай емес екенін айтты. Сөзінше, оларды қарауға бір адамның қауқары жетпейді және анаға, әлбетте, көмек қажет.

"Күйеуім екеумізге аналарымыз көмектеседі. Олар келіп, тамақ әзірлейді, кішкентайларға қарасады, бізбен бірге көшеге серуендеуге, емханаға тексерілуге ​​барады. Түнім ұйқысыз өтсе, аналарымыз мені демалып алсын деп, қыздарды өздері де бағады. Әрине, жұбайым үнемі қасымда. Ол қыздарын тамақтандырады, суға түсіріп, киіндіреді. Ол да мен сияқты ата-ана. Күйеуім өзін көмекші емес, менімен тең дәрежеде балалар үшін жауапты адам сезінеді. Біз барлық қиындықты бірге өткереміз", – дейді алматылық келіншек.

Үш баланы босану, оларды бағу қиын болса да, жақындарымның арқасында босанудан кейінгі күйзелісті өткермедім дейді ол. 

“Бірден үш қыздың анасы болу, әрине, аздап қорқынышты болды. Өйткені бала қараудан тәжірибем жоқ, бұлар – алғашқы балалар. Бірақ бала үйге тек қуаныш әкеледі ғой, тіпті ұйқысыз түндер өткізіп, шаршасақ та, олардың амандығы бақыт сыйлайды. Декрет демалысынан және ана болудан сескенетін қыздарға қорықпаңыздар дегім келеді. Өзінше қиын болғанымен, бұл соған тұрарлық нәрсе! Қорықпаңыздар және жақындарыңыздан көмек пен қолдау сұраңыздар”, – деді ол.

“Үш айдаһардың анасы”

Ғалия не себепті өзін үш айдаһардың анасы деп атап, желіде солай танылып кеткенін айтты. 

"Мен туған күнімде өзіме баға жетпес сыйлық сыйладым. Мен ресми түрде айдаһарлардың анасымын. Өйткені жылнама бойынша олар айдаһар жылында дүниеге келді, мен де айдаһар жылында тудым. Балаларыммен арамыз – екі мүшел", – деп атап өтті жас ана.

Талқылау