Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш ауысымда оқиды: Елордада ата-аналар мектептердің шамадан тыс толуына шағымдануда

Елорда мектептерінде биыл бала саны шамадан тыс толған. Үш ауысымда білім беретін No83 мектеп гимназиясы 1200 орындық болса да, 4,5 мың баланы оқуға қабылданған. Ата-аналар мектептегі орын санына наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ктк арнасына сілтеме жасап.

Биыл Қазақстан бойынша алғаш рет 400 000 бала партаға отырды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Елордада оқушы саны шамадан тыс толып, көп ауысымдағы мектептер басты мәселеге айналуда. 

Елорданың Алматы ауданындағы орыс тілінде оқытатын 83-ші мектепте бүгінде 18 бірінші сынып бар. Осыған орай балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Ата-аналар осы жағдайға наразылықтарын айтып балалырының сабақтан үйге кешкі сағат ондарда келетінін жеткізді.

“Бұл маңдағы үйлер мемлекеттік бағдарламамен салынып, көпбалалы отбасыларға берілген. Сондықтан мектепте де балалар саны көп. Мұнда ұш ауысыммен 4 мыңнан астам, 5 мыңға жуық бала оқиды. Менің үшінші және төртінші сыныптағы екі ұлым түскі сағат 15:00-ден кешкі 20:00-21:00-ге дейін оқиды. Кешкі сағат 20:00 бала үшін қауіпті. Тіпті ұлыма шабуыл жасалса, кім жауап береді? Қазір жаз мезгілі болғандықтан, дала жарық. Ал қыста қалай болады? Ата-анасы үнемі жанында еріп жүре алмайды ғой”,  – деді ата-ана Айгүл Дүйсиенбинова.



Небәрі 1200 орынға есептелген білім ордасының тым толық екенін директор да жоққа шығармайды. Мектеп алты жыл бұрын салынған. Алғашында мұнда сабаққа 372 бала келген. Бірақ бүгінде олардың саны 10 еседен астам өсіп кеткен. Қазір мектепте барлығы 4,5 мың бала тіркелген.

“Бұл ауданда соңғы бес жылда мыңдаған пәтерлер пайдалануға берілді. Шағын ауданда көптеген балалар тұрады. Сондықтан оларды қабылдамауға моральдық және заңды құқығым жоқ. Ата-аналар бізге келгенде қандай қиын жағдайда оқушыларға білім беріп жатқанымызды ашық көрсетемін”, –  деді No83 мектеп гимназиясының директоры Сәуле Теменова.

Мәселені қалай да шешу үшін мұнда 600 орындық қосымша ғимарат салу жоспарланған. Ол екі ауысымда мыңнан астам студентті қабылдай алады. Дегенмен бұл сабақтарды уақытша ғана жеңілдетеді. Елордалық 100 мектептің 15-інде осындай мәселе бар. Бұл тек ресми мәліметтер бойынша. Биыл Нұр-Сұлтанда бірінші сыныпқа барушылардың саны тағы да рекордтық көрсеткіш – 26 000 мыңға жеткен.

Талқылау