Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үлкен қызым сол үшін араласпай кетті": Абай Бегей әйелі қайтыс болған соң балаларынан жасырын үйленгенін айтты

Абай Бегей әуелі анасы, кейін жары қайтыс болып, орны толмас қиындықты бастан өткерді. Үш жылдан соң екінші рет отау құрап, тағы екі баланың әкесі атанды. Әнші отбасындағы қиындықтар, қызымен ара-қатынасы жайлы ашық айтты. 

Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды. 

Абай Бегей жарының аяқ астынан қаза болғанын, бұл оның өмірінде үлкен соққы болғанын жасырмайды. Әуелі аяулы анасынан, кейін сүйікті жарынан айырылған. 4 баламен жалғыз қалған ол екінші рет үйленуді жөн деп санаған. Алайда қыздарынан жасырып үйленген екен. 

“Мен бастапқыда екінші рет үйленбеймін деп ойлағам. Оған ұл-қыздарға қарайтын, сырласатын адам керек болды. Әйелімнің анасы, сіңлілері маған көмектесті. Қыздарымның жанында болды. Бірақ кейін үйлену керек де шештім. Бір үйде әйел адамның болғаны жақсы ғой. Солай досымның тойында қыз жолдаспен таныстым. Фарида менен 16 жас кіші. Солай кездесіп, ұзақ сөйлесіп жүрдік. Оның ата-анасы жақсы адамдар. Маған қарсы болған жоқ. Қызы қалаған адамға қарсы шыққан жоқ. Менің әкем де анамнан 16 жас кіші. Сондықтан адамның тіл табысуы жасқа қарамайтын секілді. Ақыры бас қостық. Той жасау керек болды. Бірақ қыздарымнан жасырдым. Той болатын күні білмей-ақ қойсын дедім. Одан кейін түсіндіремін дедім. Бірақ көршілер бар, телефон бар, олар біліп қалыпты”, – деді Бегей.

Үлкен қызымен біраз уақыт сөйлеспей, арақатынасы бұзылғанын айтқан әнші қазір жақсы қатынаста.

“Үлкен қызыммен дұрыс болмай жүрдік. Ол маған ренжіді. Қанша уайым жедім. Қазір түк болмағандай. “Уақыт – емші” деп дұрыс айтады екен. Бәріне сабырлық керек. Адам қиындықты сабырлықпен ғана жеңеді. Мен бұрын да намаз оқитын едім. Кейін де намазға көп көңіл бөлдім. Кімге болса да сондай кеңес берер едім. Бәріміз қонақпыз. Бәріміз кетеміз. Біреуі ерте, біреуі кеш”, –деді Абай мырза. 

Әнші әйелінің Алматыда ұлымен бірге санаторийде демалып жатқанда қайтыс болғанын айтты. 

“Әйелім бұрын аздап ауырып жүрген. Бірақ білдірмейтін. Аздап ауырып жүрмін дейтін. Біз ол соншалықты ауырып жүр деп ойлаған жоқпын. Қайтыс болады деп ойлаған жоқпыз. Алматыға ем алуға, бір жағынан демалуға аттанған. Бірақ қаралы хабар жетті. Солай бәрі аяқ астынан болды”, – деді ол. 

Бүгінде екінші некесінен екі бала өмірге келген әнші ата болып та үлгеріпті. Үлкен қызын ұзатып, одан екі немере сүйіп отыр. 


Талқылау