Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина және қауіпсіздік. Путин мен Байден кездесуінде қандай мәселелер көтерілді?

Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Джо Байден өткен сейсенбіде телекөпір арқылы екі сағаттық келіссөздер жүргізді және оның басты тақырыбы Украина төңірегіндегі жағдайға арналды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап.

путин байден

Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі елдің көшбасшылары қауіпсіздіктің маңызды мәселелері, соның ішінде НАТО-ның шығысқа қарай жылжуынан бас тарту және Ресеймен шекаралас елдерде соққы қаруын орналастыру мәселелері бойынша "маңызды консультациялар" туралы келісімге келген. Сондай-ақ олар Женевадағы саммит шешімдерінің орындалуы, киберқауіпсіздік жөніндегі диалог және екіжақты қарым-қатынастардың проблемалары, соның ішінде дипломаттардың жұмысына шектеу қою мәселелерін талқылаған.

Мұнымен қатар Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, кездесу барысында пандемия, климат және энергетика, соның ішінде "Солтүстік ағын – 2" секілді тақырыптарға орын болмаған.

Украина төңірегіндегі жағдай

Путин Байденге Украинаның Минск келісімдерін орындауға, атап айтқанда "Өтпелі кезеңдегі мемлекеттік саясат туралы" заң жобасымен астыртын әрекет жасап жатқанын ашық айтты. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ Минск келісімдерін орындауға қолдау көрсетуге дайын.

Байден Ресей әскерлерінің Украина шекарасына жақын орналасуына алаңдаушылық білдірген және АҚШ пен оның одақтастары жағдай одан әрі шиеленіскен жағдайда тосын шешім қабылдауға дайын екенін айтқан.

Ушаковтың сөзінше, АҚШ тарапы саясат, экономика және қаржы саласындағы ықтимал санкциялар туралы айтқан. Ақ үй бұл шаралардың мазмұнын ашып көрсетпеуді жөн санап, өздерінің "2014 жылы жасамағандарын қолға алуға" дайын екенін жеткізген.

Бұған жауап ретінде Путин барлық жауапкершілікті Мәскеуге артып қоймау қажеттігін баса айтқан. Сонымен бірге ол Ресейдің НАТО-ның шығысқа қарай одан әрі жылжуын және Ресеймен шекаралас елдерде соққы қаруын орналастыруды болдырмайтын сенімді, заңды түрде бекітілген кепілдіктерге мүдделі екенін ұқтырған.

Нәтижесінде көшбасшылар өз өкілдеріне "осы маңызды мәселелер бойынша мазмұнды консультацияларды" бастауға нұсқау беретініне келіскен, ал Байден, Ушаковтың айтуынша, бұл мәселені Солтүстік Атлантикалық альянстағы одақтастарымен талқылауға уәде берген. Америка көшбасшысының ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливан атап өткендей, кездесуде ресми келісімдер туралы әңгіме болмаған, бірақ АҚШ мұндай диалогқа жақын екенін ұқтырды.

Екі елдің қатынастары

Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметінше, басқосуда Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың қиын жағына, оның ішінде "шектеу қойылған" дипломатиялық миссиялардың жұмысындағы қиындықтар жөнінде атап өтілген. Путин бұл американдық биліктің бағытының салдары екенін еске салып, жинақталған шектеулерді жоюды ұсынған.



Мәскеудегі АҚШ елшісі Джон Салливан шағымданған дипломатиялық миссиялардың жұмысындағы проблемаларды Байденнің өзі көтерген. Америка басшысы Вашингтонның алғашқы қадам ретінде ресейлік дипломаттарға бірнеше жыл бұрын тәркіленген дипломатиялық мүлікті тексеруге рұқсат беруі мүмкін екенін меңзеп өткен. Ал Ақ үй АҚШ президенті бұл жайында "нақты ешнәрсе айтпады" деп мәлімдеді.

Көшбасшылар Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі екі елдің одастастығы жөнінде еске алып, бұл оқиға "бүгінгі күнде бірлесіп жұмыс жасаудың" үлгісі болуы тиіс екенін айтқан және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін өздерінің ерекше жауапкершілігін ескере отырып, Мәскеу мен Вашингтон диалогты жалғастырады деген пікір білдірген.

Кремльдің мәліметіне сүйенсек, Путин мен Байден киберқауіпсіздік тақырыбындағы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, киберқылмыспен күресте практикалық өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін айтқан.

Олар сондай-ақ қарашаның соңында Венада қайта басталған Иранның ядролық келісімі бойынша келіссөздер конструктивті болатынын сонымен қатар барлық қатысушылар үшін қолайлы шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деген үміттерін жасырмаған.

Путин мен Байденнің онлайн кездесуі олардың бесінші сұхбаты болды. Көшбасшылар бұған дейін телефонмен үш рет сөйлескен және маусымда Женевада жеке кездесулері болған.

Кремльдің баспасөз қызметі келіссөздердің "ашық әрі іскерлік сипатта" өткенін ерекше атап өткен. Ушаковтың түсіндіруінше, бұл "әзіл-қалжың мен жылы лебіздерге" орын табылған "екі байыпты басшының" қалыпты кездесуі болған. Әзілге мысал ретінде ол Путиннің Байденнің көмекшілерінің бірінің қаламы өзінікімен бірдей екенін байқағанын атап өткен.

Ресей президентінің көмекшісінің айтуынша, Путин мен Байден бетпе-бет отырып сөйлескен, бірақ олардың кеңесшілері кез келген уақытта қосылуға дайын болған. Ақ үй таратқан кадрлардан Ресей президентімен сөйлесу кезінде Байденмен бірге бөлмеде төрт адам болғанын, оның ішінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джейк Салливанның отырғанын көруге болады.

Талқылау