Үкімет тасқынмен күрес қарқынын арттырды: Зардап шеккен өңірлерге қосымша құрам жіберілді
Үкімет Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлеріндегі ауқымды су тасқынын болдырмау және оның салдарын жою үшін қажет күштер мен құралдарды жұмылдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Бүгінде апатты-құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар министрлігі, қорғаныс министрлігі, ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік күзет қызметі, әкімдіктер мен ұйымдардан тәулік бойы 34 мыңнан астам адам, 4 мыңнан астам техника, 890 сорғы және 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі жұмылды.
Су тасқыны басталғалы бері Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Түркістан және басқа облыстардан 1 мыңнан астам арнайы техника мен жеке құрам жіберілді.
Бүгінде зардап шеккен өңірлерге қосымша 500-ден астам арнайы техника жолға шықты. Олар 2 тәулікте жетуге тиіс.
Фото: primeminister.kz
Осы орайда жергілікті жерлерде өзендер мен су айдындарының жанында орналасқан елді мекендерді қызыл судан қорғау бойынша қажет жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Қорғаныс құрылыстары мен бөгеттер салынып, еріген қар суын шығару қолға алынып, инертті материал толтырылған қапшықтар төселіп жатыр.
Аэровизуал тексеру мен дрондардың көмегімен өзендердегі және су қоймаларындағы жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
Айта кетейік, Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны болған аймақтарға барды. Президент су қоймаларын тікұшақпен көрді.
“Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазір 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған”, – делінген жазбада.