Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын мемлекет пайдасына беру туралы алдын ала келісім жасады
Үкімет “АрселорМиттал Теміртау” АҚ акционерлерімен компанияны мемлекет меншігіне қайтару туралы алдын ала келісімшарт жасасты. Бұл жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында орын алған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
“Оның құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді. Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізіле”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады.
“Сондай-ақ Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екенін хабарлаймыз”, – деп қосты баспасөз қызметінің өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Костенко атындағы шахтада көз жұмғандар саны 16-ға жеткені туралы хабарлаған едік. Тағы 31 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.