Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да үйде жасалған сүндеттеу рәсімінен кейін бірнеше бала ауруханаға түскен

Медициналық қайшы
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында бірнеше адам үйде жасалған сүндеттеу рәсімінен кейін асқынулармен дәрігерлерге жүгінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыстық ана мен бала орталығының мәліметінше, Ново-Явленка ауылында үй жағдайында сүндеттеу қызметін ұсынатын адам пайда болған.

Орталық адамдар сүндетке отырғызу рәсіміне үй жағдайында "қолынан келетін" адамды шақырып жасатуға болатын тұрмыстық дәстүр ретінде қарайтынын, алайда, бұл рәсімнің толыққанды хирургиялық ота екенін атап өтті. 

"Қазірдің өзінде бірнеше адам үй жағдайында сүндеттелгеннен кейін жараның іріңдеуі, асқынуы және қан кетуіне байланысты Ана мен бала орталығына жүгінді. Бір бала хирургия және урология бөлімшесіне жатқызылып, ем алып жатыр", – дейді хирургия және урология бөлімшесінің меңгерушісі Қайрат Рақымжанов.

Дәрігерлер ата-аналарға баланың денсаулығын тиісті біліктілігі мен қауіпсіз процедураларды жүргізуге жағдайы жоқ адамдарға сеніп тапсыруға болмайтынын ескертті. 

"Барлық хирургиялық оталар асептика мен антисептиканың толық сақталуын талап етеді. Ауруханада барлық қажетті жағдайлар бар: стерильді орта, жабдықтар, препараттар, ең бастысы — науқастың жағдайын әр кезеңде бақылайтын мамандар тобы жұмыс істейді. Мұндай оталарды стерильді емес жағдайда жасау қауіпті аурулардың жұғуына әкелуі мүмкін", – дейді Қайрат Рақымжанов.

Ана мен бала орталығы кез келген хирургиялық араласу, тіпті оңай көрінгенімен, тек медициналық мекеме жағдайында және маманның кеңесінен кейін ғана жүргізілуі тиіс екенін еске салды. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 5 жастағы бала сүндетке отырамын деп мүгедек болып қала жаздағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 21:34