Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскемен әуежайына авиаотын бағасын негізсіз көтергені үшін тағы да айыппұл салынды

Өскемен әуежайы
Фото: abilet.kz

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің "Өскемен әуежайы" АҚ-ға қатысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеу нәтижесі бойынша әуежайдың әуе отынын бөлшек саудада сату кезінде монополиялық жоғары баға белгілегені анықталды.

“Бірінші сатыдағы соттың қаулысымен, 2026 жылдың 14 қаңтарындағы Шығыс Қазақстан облыстық сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылып, "Өскемен әуежайы" АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Әуежайға шамамен 8,9 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, сондай-ақ шамамен 10,6 миллион теңге мөлшеріндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді.

Агенттік көрсетілген сомалар толық көлемде бюджетке төленгенін атап өтті.

Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында да Өскемен әуежайына авиаотынның монополиялық жоғары бағасы үшін айыппұл салынып, алынған табыс мемлекет пайдасына тәркіленген еді.

Еске салсақ, бұған дейін Өскемен әуежайын 20 жылға жуық басқарған Николай Короленко қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 8 жылға сотталғаны туралы жазған едік. Ол жалақы, сыйақыларды негізсіз көтеріп, қызметтегі мүліктерді төмен бағада сатты деп айыпталған. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 22:17