Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 5 жастағы бала сүндетке отырамын деп мүгедек болып қала жаздады

Алматыда 5 жастағы бала сүндетке отырамын деп мүгедек болып қала жаздадыФото: Видеодан скрин

5 жастағы Омар сүндеттелгелі бері ата-анасымен аурухананың табалдырығын тоздырып жүр. Жарты жыл бұрын жекеменші емханада баласын сүндеттеген ата-ана баланың бұрынғыдай дәретке бара алмай, аурушаң болып қалғанына дәрігерлерді кінәлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Омардың өзі ерекше бала, көктамырға салынған ине оған жағымсыз әсер еткен.

“Наркоз оған зиян, оған газбен наркоз керек еді. Бір сағаттан кейін-ақ шықты, өзі ұйқылы-ояу болды. Бірақ оның екі тамырында да ине іздері болды. Сол жерде хирург Туғанбаев Жәнібек еді. Ол қатты абыржып шықты. “Үш-төрт күн таңуға келіп жүріңдер” деді. Үшінші күні баланың жыныс мүшесінің басы мүлде қарайып кетті. Сосын “сен оны марганцовкаға салғансың” деп, кінәні маған жаба бастады”, – дейді Омардың әкесі Дастан Бейсенов.

Туыстары операция талапқа сай жүргізілмеді деп отыр. Баланың жыныс мүшесінің тіндері өле бастаған. Бала ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер тіндердің некрозын анықтап, операция жасаған. Қазір бала дәретке бұрынғыдай бара алмайды.

Ересектер кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр. Олар Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне шағым жазған.

Баланың әкесінің айтуынша, емхана жабылып қалған. Сол себепті ештеңе істей алмай, шарасыз күйде отыр. Қайда барарымды білмеймін дейді ер адам. Ол тергеу жүргізіліп, хирург Туғанбаевтың әкімшілік жауапкершілікке тартылыуын талап етіп отыр. 



Алайда операцияны жасаған хирург өзін кінәлі деп санамайды. Оның айтуынша, асқынулар науқас үйге шыққаннан кейін пайда болуы мүмкін.

“Егер бұл хирургтар мен анестезиологтардың қателігі болса, онда ол міндетті түрде алғашқы тәулікте-ақ білінер еді. Бала кіші дәретке бара алмай қалар еді, зәр шығару қиындап, қабыну, ісіну пайда болар еді. Бірақ мұндай белгілер алғашқы үш күн бойы болған жоқ. Кейін анасының айтуынша, сенбі немесе жексенбі күні олар марганцовка қолданған. Марганцовка әрқашан әлсіз, жұмсақ ерітінді болуы керек. Оны қалай қолданғандарын білмеймін, сондықтан бұл туралы нақты пікір айта алмаймын”, – дейді хирург Жәнібек Туғанбаев.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл іске нүкте қоюы тиіс. Алайда туыстарының айтуынша, олардың шағымы бірнеше ай бойы қаралғанымен, тексеріс әлі басталмаған. Ал емхана сол уақыт аралығында жабылып үлгерген.

Айым Болатқызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 08:27