Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Уақытылы ескертпегендіктен адамдар терезеден секірді": Смайылов Алматыдағы жер сілкінісі туралы айтты

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде азаматтар дер кезінде ақпарат пен нақты іс-қимыл алгоритмінің жоқтығынан дүрбелеңге түсті. Премьер-министр Әлихан Смайылов жер сілкінісінен зардап шеккендер барын және ескерту жүйелері дер кезінде қосылмағынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 Фото: primeminister.kz

"Көріп отырғанымыздай, оқиғаға төтенше жағдайлар министрлігінен бастап әкімдік және басқа да мемлекеттік органдарға дейін барлық қызмет болған жағдайға ден қойып, жедел әрекет ете білді. Қуанышқа орай, адам шығыны болған жоқ, бірақ зардап шеккендер бар. Олар екінші және үшінші қабаттан секіріп, ойланбай әрекет етудің салдарынан зардап шекті. Бұл халыққа мүмкіндігінше ертерек хабарламалар жіберу үшін ескерту жүйелерін уақытылы қосу қажет екенін көрсетеді",- деді Смайылов. 

Премьер-министр мұндай жағдайларда азаматтарға нақты әрекеттер ретін хабарлау қажет екенін айтты. Оның айтуынша, тұрғындар іс-әрекет алгоритмін іс жүзінде білуі үшін жаттығуларды барлық жер сілкінісі қаупі бар аймақта мүмкіндігінше жиі өткізу қажет.

Кезекті жиынында Смайылов жер сілкінісіне жауапты әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.  

“Бірінші, облыстық әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай төтенше жағдайларды жою және болдырмау жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуге тиіс. Екінші, жақын арада жедел ден қою үшін басқару органдары мен жауапты тұлғалардың басқару пункттерінде кезекшілік енгізілсін. Бұл барлық маңызды ұйымға қатысты. Ол үшін жер сілкінісі қаупі бар аймақтарда азаматтық қорғау жүйесін жоғары дайындыққа әзірлеу керек. Үшінші, денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы әкімдігі зардап шеккендерді емдеуді қамтамасыз ету үшін қажет шаралар қабылдасын. ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға тиіс. Қажет қызметтер, соның ішінде жер сілкінісінің эпицентрлері орналасқан көрші мемлекеттер арасында нақты өзара іс-қимыл жасау, -деді үкімет басшысы. 

Еске салсақ, Алматыда қуатты жер сілкінісі болып, қала тұрғындары үреймен көшеге шыққан. 

Бұған дейін Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккені туралы жазған едік. 

Ал Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін айтты. 

Талқылау