Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрмыстағы әйелмен байланыста болған: Түркістан облысында "қылмыс серкелері" 27 жастағы жігітті өлімші етіп сабаған

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұрмыстағы әйелмен байланыста болған кәсіпкерді өлімші етіп сабап тастаған. Ауруханада 4 күн комада жатқан жігіт жан тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

сарыағаш

Оның мүгедек ағасы ұрып-соғудың куәсі болды. Болат Баймұрзаевтың сөзіне қарағанда,  27 жастағы інісі Әуезханды алты адам ұрған. Алайда, іс бойынша әлі күнге дейін тек екі адам қамауға алынды.

"Сол жердің жергілікті авторитеттері, олардың бәрі қосылып, Әуезханды байлаулы халде аяузсыздық танытып, оның қол аяғы байлаулы осылайынан, байлаулы дәрменсіз жатқан халінде оны аямастан соққыға жықты", - дейді Болат Баймұрзаев. 

Бұл жағдай биылғы мамырда болған. Шағымданушының айтуынша марқұм, тұрмыстағы келіншекпен байланыста болған. Мұны, қыздың әкесі біліп қалып жергілікті "қылмыс серкелерін" шақыртыпты. Сөйтіп, Әуезхан соққыға жығылған. Марқұм ауруханада төрт күн ес-түссіз жатып көз жұмыпты.

"Барған кезімізде беті соншалықты қан, түрі көрінбейді. Бірақ есінде. Көзімізше ұрып жатыр. Алты адам болды олар. Мен оған ешқандай көмек бере алмадым", - деді Болат Баймұрзаев.

Полиция төбелеске қатысы бар екі күдіктіні ұстапты. Қалған төртеу куәгерге айналған. Арызданушының айтуынша, інісімен байланыста болған келіншек пен оның әкесін де жауапқа тарту керек.

"Сарыағаш қаласының полиция қызметкерлері бұл істің бәрін бұрмалап жатыр. Інімнің сол жақ иығының төбесінде пышақтың ізі тұрды. Экспертизада ол нәрселердің ешқайсысы көрсетілмеген", - деді марқұмның ағасы.

Полиция департаменті болса, бұл істің жіті қаралып жатқанын алға тартты. "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу"  баптары бойынша іс қозғалған.

Болат Баймұрзаевтың айтуынша, інісінің өліміне себепші болған бұзақылар қысым көрсетіп жатқан көрінеді.

"ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев, ҚР бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов мырза. Сіздерден өтінерім осы қылмыстық істі өз қадағалауларыңызға алуыңызды сұраймын. Себебі біздің ішкі істер басқармасының Сарыағаш қаласының ішкі істер қызметкерлері ешқандай бізді қорғап та ала алған жоқ. Ешқандай мына істі әділ жүргізген жоқ. Қазіргі таңда мен өз өміріме қорқамын", - деп көмек сұрады Әуезханның ағасы.

 

Талқылау