Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй кооперативінің атын жамылған қаржы пирамидалары азаматтарды қалай алдайды

Тиімді шартпен аз ақша құйып, кооператив арқылы баспана алғысы келетін азаматтар көп жағдайда алаяқтардың құрбаны болып жатады. Бүгінде Қазақстанда тұтынушылық кооперативтің атын жамылып әрекет еткен 4 ұйым қаржы пирамидалары тізіміне енгізілген. Сондай-ақ 3 ұйымға қатысты тергеу басталды. Stan.kz тілшісі заңгермен тілдесіп, кооперативтер мен мұндай ұйымдардағы қауіп-қатер туралы сұрап көрді.

пирамида

Тұрмыстық кооператив – мүшелік арқылы азаматтардың өз еркімен ұйымдасуы. Кооператив баспана алуға немесе көпқабатты үйді басқару үшін құрылады.

Кооперативтерді екі түрге бөліп қарастыруға болады:

1) Тұрғын үй-жинақтау кооперативі. Қатысушылар саны шектелмеді, кез келген жерден үй алуға болады. Тек талаптарға сай болса болғаны;

2) Тұрғын үй-құрылыс кооперативі. Бұл жағдайда пәтерді кооператив қаржысына салынған үйден алады. Салымшылардың саны құрылысы жүріп жатқан үйдегі пәтер санына қарай реттеледі. 

Кеңес үкіметінде алғашқы кооперативтер 1920-жылдары құрыла бастады, дегенмен 50-жылдардан бастап танымалдылығы арта түсті. Кооперативке қосылғандар баспананы өз қаржыларына салды, ал мемлекеттен 70%-ға дейін қарыз алған. Құрылыс жұмысы тез жүруі үшін кооператив мүшелері де құрылысқа қатысқан. Бірақ бұл кезеңде кооперативтер тұрғын үй тапшылығы мәселесін шеше алмады. 

Тұрғын үй кооперативтері қандай жүйе бойынша жұмыс істейді

Тұрғын үй кооперативінің барлық мүшелері тұрғын үй бағасының 30-40%-ы көлемінде алдын ала төлем жасайды. Ал қалған сомасын пайыссыз негізде келесі 10 жыл көлемінде өтеуі қажет. Жиналған қаржыға кооператив бекітілген кезек бойынша салымшыларына баспана сатып алады. 

Көп жағдайда тұрғын үй кооперативін құрғандар ұжымдық алымдар арқылы пайда көреді. Демек пәтер немесе үйдің құнынан бөлек кооператив мүшелері 2-4% көлемінде төлем енгізеді. Кей кооперативтер төлемді ай сайын қабылдайды. 

Мәселен, салымшы 40 мың долларға кооператив арқылы үй алса, алдын ала 12-16 мың доллар төлем енгізеді. Бұдан бөлек тағы кооперативке қосылғаны үшін 800-1600 доллар төлейді. Осылайша салымшылар банк ипотекасындағы артық 17-20%-ды төлемей үйлі бола алады.

Тұрғын үй кооперативі арқылы үй алғанда қандай қауіп-қатерлер туындауы мүмкін

Көп жағдайда тұрғын үй кооперативі алаяқтардың құрған қақпаны болып шығуы мүмкін. Мәселен, алаяқтар кооператив атауымен қаржы пирамидасын құрады. Салымшыға пәтерді белгілі мерзімнен кейін сатып алатынын айтып, бұл үшін 4 жаңа қатысушы шақыруды талап етеді. Сәйкесінше ұйымға қосылған әр қатысушы үйлі болуы үшін тағы 4 адам шақырады. Осылайша күдікті ұйымға қаржы салатындар саны бірте-бірте еселене береді. Нәтижесінде салымшылар қаржысын да қайтара алмайды, пәтер де ала алмай қалады

Кейде салымшылардың тізімі әділ құрылмауы мүмкін. Сондай-ақ ай сайын төлем жасамағаны үшін ешқандай сотсыз және тергеусіз кооперативтен шығарып жібере алады. 

Тұрғын үй кооперативін қаржы пирамидасынан ажыратудың бірнеше жолы бар. Алдымен ұйымды құрғандардан құзырлы органдар берген құжаттарын сұрау керек. Әлеуметтік желідегі жарнамаға сенудің қажеті жоқ. 

Заңгер қандай кеңес береді?

Заңгер Альбина Бахтиярқызы Қазақстанда құрылып жатқан тұрғын үй кооперативтерінің көбінде қаржы пирамидаларының белгілері бар екенін айтады. 

"Тұрғын үй кооперативтерінде алаяқтық деректері өте жиі тіркеледі. Бастапқыда ұйымға қосылу үшін төлем талап етеді. Сосын үй сатып алуға уәде беріп, баспана бағасының бір бөлігін құюды сұрайды. Бірақ қаржы баспана сатып алуға емес, басқа азаматтардың қалтасына түседі. Сондықтан керемет шарт ұсынып тұрса да, мұндай ұйымдарға сенім артудың керегі жоқ", – дейді заңгер. 

Маманның сөзінше, тұрғын үй кооперативі күдік тудырса, ең бірінші бұл компанияның қай салада қызмет ететінін және құжаттарын тексеріп алған жөн. 

"Егер компанияның бизнес сәйкестендіру нөмірі болса, онда ұйымның қызмет түрін білуге болады. Бұған арналған арнайы сайттар мен ашық дереккөздер бар. Егер қаржылық қызметпен шұғылданса, Ұлттық банк берген тиісті лицензиясы болуы шарт. Бұл деректерді де Ұлттық банктің сайтынан білуге болады", – деп түсіндірді заңгер. 

Қазақстанда тұтыну кооперативтерінің қызметін реттейтін арнайы заң бар. Аталған заңның 14-бабында кооператив мүшесінің құқықтары мен міндеттері туралы толығымен қамтылған. 

"Заңға сәйкес кооператив мүшесі жиналыстарға қатысып, ұйымдағы өзгерістер туралы білуге құқығы бар. Тұтыну кооперативінің басшылығының қызметі көңілінен шықпаса, кемшіліктер болса, оларды жою, бухгалтерлік есептермен танысуға құқылы. Кооперативке мүше болу және одан шығу да ерікті түрде жүзеге асырылады", – деді маман. 

Альбина Бахтиярқызының пайымдауынша, кооперативке ақша құйып, алданып қалса, жәбірленушілер бірінші кезекте өзінің жапа шеккенін дәлелдейтін құжаттарды жинайды. 

"Мұндай құжаттар қатарында келісімшарттар, чектер мен квитанциялар, төлем жүргізілгенін дәлелдейтін құжаттамалар болуы мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үй кооперативі ұсынған құжаттар да бұл тізімге енгізіледі. Осы себепті кооператив мүшелері түбіртектер мен өзге де құжаттарды сақтап қойғаны абзал", – дейді ол. 

Заңгердің сөзінше, кооперативке алданғандардың қаржысын қайтару мүмкіндігі өте төмен. 

"Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан қылмыстық істерге сүйеніп айтсам, кооперативке құйылған қаржыны қайтарып алу өте қиын. Өйткені қаржы пирамидалары топ болып жұмыс істейді, оның үстіне қаржының бір бөлігін шетелге шығарып жібереді. Одан бөлек салынған қаржының қайда кеткенін салымшылар білмейді. Қылмыстық іс аясында жәбірленуші азаматтық талап-арыз, азаматтық негізде бөлек талап-арыз жариялауға құқылы. Оны сот қанағаттандырған күннің өзінде кінәлі тараптың залалды қайтару үшін мүлкі жете ме? Бұл енді екінші сұрақ. Сондықтан көбіне қаражат толық қайтарылмайды", – деп түйіндеді заңгер. 

Талқылау