Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұрғын үй қазір арзандамайды": Сарапшылар елдегі пәтердің қымбат болу себебін түсіндірді

Елімізде жылжымайтын мүлік нарығындағы дүрлігу басылса да баспана арзандамайды. Сарапшылардың айтуынша, құны қымбат кезде сатып алған баспанасын ешкім төмен бағаға сатпайды. Бұдан бөлек қазір Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың өзі бағаға айтарлықтай әсер етпейді. Себебі нарық жүктемесін арттырған негізгі фактор – зейнетақы қорындағы ақшаның мерзімінен бұрын пайдалануға болатын бөлігінің "жеткілікті шегінің" өсуі. Сондықтан мамандар енді тұрғын үй нарығында дүрлігу де болмайды деген болжайды. Әрі баспана құны да ұзақ уақыт өзгеріссіз қалуы мүмкін екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

үй

Қазір ірі мегаполистерден бөлек, өңірлерде де баспана бағасы айтарлықтай қымбат. Оның бірнеше себебі бар дейді сарапшылар. Негізгісі, елдің зейнетақы қорында жиналған қаржыны мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік алуы болған екен. Ал жинақ ақшаның жеткілікті шегі өзгерген соң, нарықта сұраныс та күрт азайған. Яғни сәуірде наурыз айымен салыстырғанда сатып алу-сату келісімшарттары бірден 20 пайызға төмендепті. Алайда бұл жағдай да пәтер құнына әсер етпейді деді Айбар Олжай.

Айтуынша, енді баға өзгерсе тек теңгенің не әлсіреп, не нығаюына ғана байланысты құбылады. Әрі ешкім қымбат бағаға сатып алған үйін арзанға сатқысы келмейді. 

“Адамдардың ертеңгі күнге деген сенімсіздігі де тұрғын үй бағасы көтерілуіне әсер етеді. Сонымен бірге қазір Қазақстанның ірі қалаларына келіп жатқан, сырттан келіп жатқан адамдар саны өте көп. Белігілі бір жағдайға байланысты. Олар тарапынан да жаңағы үйді сатып алуға немесе жалға алуға сұраныс көп пайда болғанда бір тапшылық пайда болады. Тапшылық бірден бағаның көтерілуіне алып келеді”, – деді сарапшы Айбар Олжай. 

Сондай-ақ сарапшы алдағы уақытта нарықта дүрлігу де, тиісінше, жаппай пәтер сатып алушылар да болмайды деді. Өйткені қазір халықтың баспананы қолма-қол ақшаға алатын мүмкіндігі жоқ. Ал түрлі платформалардағы пәтердің тым қымбат болуы сатушылардың нарықты тексеру үшін жасайтын әдісі екен. Бірақ көбіне сатушы мен сатып алушы кездесіп, келіскен кезде баспана құны әлдеқайда арзан боп шығады. Ал құрылысшылар одағының басшысы баспана арзандамайтынын айтады. Себебі күн сайын құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. Ал бағаны тұрақтандырудың жалғыз жолы импортқа тәуелділікті жою дейді. 

“Экономикамызға біз қаржы құйсақ, елімізде құрылыс заттарын шығарсақ, мынау өндірушілерге, құрылыс заттарын шығаратындарға сондай көмек берсек, әрине, онда баға тұрақтанады. Бірақ төмен түседі деп айту оны қазір қиын”, – деді Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев. 

Талғат Ерғалиев қазіргі геосаяси ахуалға байланысты Қазақстанда құрылыс материалдарының тапшылығы қатты сезіліп жатыр деді. Өйткені тауар тиелген транспорттар Ресей, Белорусь, Түркия елдерінде тұрып қалған. Бұл да бағаға тікелей әсер етеді. Ал халықты қолдауға бағытталған мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың баспана құнына ешқандай қатысы жоқ дейді сарапшы. 

Талқылау